Көршісінен қорлық көріп жүрген әйел көмек сұрайды

25 мамыр 2022, 09:39

Әбден үрейленіп, әрең қорғанып жүрген әйел полицейлерден жөнді жәрдем болмаған соң Nemolchi.kz қоғамдық ұйымына жүгінген, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.

Павлодар облысындағы Екібастұз қаласында күдікті ер адам көрші тұратын әйелдің мазасын алып біткен. Үйіне күн сайын шабуыл жасайды екен.

 

Ұйым өкілдері Instagram-дағы парақшасында жәбірленушінің 14 мамырда хат жолдағанын, бұл дерек полицияға берілгенін жазады. Алайда құзырлы органдар қабылдаған шара жүгенсіз көршіге сабақ болмаған көрінеді.

 

"Екібастұздық әйел көрші тұратын ер адам 15 күн бойы пәтеріне шабуылдап келгенін, тәртіп сақшылары жәрдем бермегенін айтты. Біз материалды қалалық, облыстық полицияға бердік. Дереу шара қабылдап, іс жүргізіп, сот өтті. Бірақ бұның пайдасы болмады. Соттан кейін бәрі қайталанған", — делінеді Nemolchi.kz жазбасында.

 

 

instagram.com/nemolchi.kz

 

Қоғамдық ұйым өкілдерінің мәліметінше, ер адам бұған дейін өзінің бұрынғы әйеліне де осындай әрекеn істепті. Терезесін сындырып, дүние-мүлкін бүлдіріп кеткен.

 

"Бірақ көршісі оның әйелі емес қой. Неге тұтқындамады? ҚР ҚК 149-бабымен ендігі 20 рет жазалауға болар еді. 115 немесе 293-баптар бойынша да жауапқа тартылған жоқ. Жәбірленушінің өтініші еленбеді. Екібастұз полицейлерінің есіне салғымыз келеді, Атырауда осы секілді есерсоқ бір әйелдің соңына түсіп, ақыр басын балғамен жарып, өзі жуыну бөлмесінде аылып қалған еді. Тағы да біреудің құрбан болғанын күтіп отырсыңдар ма?" — дейді ұйым мүшелері.

 

Ал облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабаралауынша, осы дерек бойынша Екібастұз қаласының полиция басқармасы ҚР ҚК 149-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастаған.

 

Екібастұз тұрғынының 14 мамырдағы өтініші бойынша учаскелік полиция инспекторы ҚР ӘҚБтК 434 және 73-баптары бойынша әкімшілік іс жүргізіп жатыр. Материалдар сотта қаралды. Сот қаулысымен көршісіне 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, қорғау нұсқамасы шығарылып, ескерту жасалды, — дейді ПД баспасөз қызметіндегілер

 

Nemolchi.kz қоғамдық қоры Павлодар прокуратурасынан да осы жайтқа қатысты шұғыл шаралар қолдануды және қылмыскерді қоғамнан оқшаулауды сұрап отыр.