"Крис-П" көмегімен екі күнде үш млн теңге айыппұл өндірілді
Алматы облысының жолдарында "үш аяқты" қондырғының көмегімен айыппұлды төлегісі келмейтін жүргізушілер анықтала бастады.  
 
Облыстық полицияның мәліметінше, полицейлер сот орындаушылармен бірге ереже бұзушылардан екі күннің ішінде 3 миллион теңгеге жуық әкімшілік айыппұлды өндіріп алған.   
 
"Тыйым салу түрінде шектеу қойылған 172 автокөлік анықталды. Оның ішінде айыппұлды әдейі төлемей жүрген борышкерлерге қатысты 154 қаулы орындалып, 2 миллион 904 мың 584 теңге өндірілді", - дейді әкімшілік практика бөлімінің аға инспекторы Саят Ибраимов.
 
Полицейлер "Крис-П" радар-кешенді қондырғыларын пайдаланып жатыр, оның базасына ереже бұзушылар туралы мәліметтер енгізілген. Сондай-ақ олардың арасында алимент пен салықтан жалтарушылар да бар.