"Күйеуім жұмысқа кетіп қаза тапты": Асыраушысынан айырылған көп балалы ана көмекке мұқтаж

23 мамыр 2022, 11:05

Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш қаласының тұрғыны Дария Сасанова төрт баласымен пәтер жалдап тұрады. Ал күйеуі осыдан екі ай бұрын жұмыс орнында қаза тапқан. Дария Сасанова соңғы 9 жылдан бері пәтерден пәтерге көшіп күн көргендерін айтады. Алайда күйеуі Асхат Сарқытбаев қайтыс болған соң жағдайымыз күрт нашарлап кетті деген ол қазақстандықтардан көмек сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Көмектесейік" бағдарламасына сілтеме жасап. 

Дария Сасанова әкелері қайтыс болған соң балаларының  тұйық болып кеткендерін айтады. Ал үлкен ұлы, 9 жастағы Ерасыл әкесінің қасынан қалмайтын қолқанаты еді дейді. 

"Әкем дүкеннен ұн әкелу кеткен. Арбаны алып мен де бардым. Жолда келе жатқанда әкемнен "Әке, біздің қашан үйіміз болады?" деп сұраған едім, "Ақша болғанда жер аламын" деді", – деп Ерасыл әкесімен соңғы сөйлескен сәтін еске алды. 

Көпбалалы ананың сөзінше, күйеуі бес күн жұмыс істеп, екі күн демалған. Үйге тек демалыс күндері ғана келген. Кезекті жұмыс аптасы аяқталған соң, 19 наурызда үйіне келіп, 21 наурыз күні қайта кеткен. 

"Сол күні үлкен қызымның туған күні еді. Қоңырау шалып, құттықтады. Көмір-отынның бар-жоғын сұрады. 23 наурыз күні қал-жағдайын білейін деп кешке хабарластым. Ол 18:00-де қайтыс болған екен. Маған 19:00-де жұмыс орнынан қоңырау шалып, қаралы хабарды жеткізді. Аяқ асты жүрегі тоқтап қалғанын айтты", – деп көзіне жас алды көп балалы ана Дария Сасанова. 

Азаматы қайтыс болған соң жүрегі ауырып, Дарияның да денсаулығы сыр берген. Үйіне бірнеше рет жедел жәрдем шақыртқан. 

Асхат Сарқытбай 23 наурыз күні қоқыс өңдейтін зауытта жұмыс істеп тұрған жерінде құлап, қайтыс болған. Жұмыс орыны ұсынған бейнежазбада Асхаттың емін-еркін жүргенін көруге болады. Алайда кезекті қапты көтере бергенде кенет құлап қалған. Дәрігерлер ер адамның жүрегі тоқтап қалғанын айтқан. 

Қазір көп балалы анаға әпкелері кезек-кезек қарайласып, көмектеседі екен. Алайда Дария аяғын баса алмай қалған. 

"Күйеуім қайтыс болған соң жүрегім ауырып, жедел жәрдемді бірнеше рет шақырдым. Тізем де ауырады. Ауруханадағылар жүйке жүйесі әсер етуі мүмкін дейді", – деп күрсінді әйел. 

Күйеуі барда жұмыс істеп көрмеген ол денсаулығы оңалса, бірден жұмысқа шығатынын айтады. Балаларды жалғыз тастауға қорықса да, бастапқыда 2-3 сағаттық жұмыс істеп көрмекші. Алайда аяғының ауырғанымен қоса қан қысымының көтерілуі жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді. 

"Бұлай ешкімнен көмек сұрап көрген емеспін. Осындай халге жетемін деп еш уақытта ойламағанмын. Жолдасым екеуміз жер алып, үй салсақ, балаларды жеткізсек деп армандайтынбыз", – деді Дария Сасанова. 

Дария мен оның балаларына көмек көрсеткісі келетіндер әпкесі Ақмарал Сасанованың банк картасына ақша аудара алады. Себебі өз картасы несиені уақытылы төлемегендіктен бұғатталып қалған. 

8 777 505 56 49 – Ақмарал Сасанова