Қытаймен шекаралас ауылдарда халық саны азайып барады

28 ақпан 2022, 19:58

Алматы облысындағы бұрынғы Үйгентас ауданын қайта құру керек. Қытаймен шекара шебіндегі елді мекендерде халық саны жыл сайын азайып барады. Жергілікті жұрт осылай деп дабыл қақты.

 

Ақсақалдар мемлекет басшысына ашық хат жолдады.

 

- Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Бүгінгі қазақ халқының ендігі тағдыры да, тізгіні де Сіздің қолыңызда.

 

Мемлекет басшысына ашық хат жазған ауыл ақсақалдарының алаңдауына негіз бар. Өйткені 30 жыл ішінде Үйгентас аймағынан тұрғындардың тең жартысынан астамы көшіп кеткен.

 

Тұрсынбай Кенжебаев, ауыл тұрғыны:

 

- 1989 жылы 50 мыңға тарта халық болған қазір 1997 жылы аудан бөлінгеннен бастап бізде 22 ақ мың население қалды. 55 процентке кетіп қалды.

 

Жеке әкімшілік аумақ статусынан айырылғаннан кейін аудан орталығы болған Қабанбай ауылының да күйі кетті. Кезінде көптің қолы жете бермеген екі қабатты үйлер қазір қаңырап бос тұр. Кейбірі бұзылған. Аймақтағы өндірістік нысандар да жұмысын тоқтатты. Бала санының аздығына байланысты 10-нан аса мектеп пен бірнеше балабақша жабылып қалды.

 

Сергей Кислицин, ауыл тұрғыны:

 

- Мен 1985 жылдан бастап аудан орталығы жабылғанға дейін білім бөліміне жетекшілік еттім. Ол кезде 28 мектеп болатын. Онда 10-11 мың оқушы оқитын. Ал қазір 3500 оқушы қалды. Мектеп жабылса, тұрғындардың бәрі ауылдан көшіп кетеді. Өз басым ауданды қысқарту қате шешім болды деп есептеймін.

 

Сәрсенбек Жұмағалиев, Көлбай ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы:

 

- Жастарда жұмыс жоқ деп айтуға болады. Күнкөріс жағдайымен бес, он малын бағып, пайға тиген жерлерін азын аулақ дәнді дақылын егіп, күнін көріп жатыр. Көлбай ауылында жүзге тарта үй бос тұр. Есіктерін жапты да кетіп-кетіп қалды.

 

Шәкен Шонаев, ауыл тұрғыны:

 

- 90 шақырымға қатынау өте қиын. Біз жарайды, көлігіміз бар бірдеңе ғып барамыз. Ал көлігі жоқтарға қиын.

 

1928 жылы құрылған аудан алғашқыда Герасимовка деп аталды. Содан бері әкімшілік аймақ екі мәрте іргелес аудандарға қосылып, қайта бөлінген. Үшінші рет 1997 жылы Алакөл ауданының құрамына өтті.

 

Мәулен Төлеужанов, Алакөл ауданы әкімінің орынбасары:

 

- Бұрынғы Үйгентас ауданының экономикалық потенциалын қарайтын болсақ, салық түсімі бойынша 118 млн салық түсімін береді. Бұл ауданның 1,4 процентін көрсетіп отыр. Ал, өндірілген өнім бойынша скл жалпы аудан өндірілген өнімнің 19 пайызын бұрыңғы үйгентас ауданы беріп отыр.

 

Тоқсаныншы жылдары Алматы облысындағы Үйгентас, Қапал, Нарынқол, Бөрлітөбе, Күрті, Шелек аудандары оңтайландырылды. 2018 жылы шекарадағы Нарынқол аймағы жеке әкімшілік аумақ болып қайта құрылды. Ендігі кезек Үйгентаста,- дейді ақсақалдар. Бастама көтерген көпшілік өз ұсынысын облыс әкіміне де жеткізді.

 

Қанат Бозымбаев, Алматы облысының әкімі:

 

- Мемлекет басшысының алдында қою үшін мен біріншіден мен сол ауылдарға барып келейін. Наурыз айында барайын мен өз көзіммен қарайын. Ең бастысы осындай аудандарда жұмыс орындарын ашу, жұмыс болса жалақысын алады күн көреді. Әрбір ауылда точка роста болу керек соған мән беретін боламыз.

 

Жиналғандар мемлекет басшысының үкіметке шекаралық аймақтарды дамытудың кешенді бағдарламасын жасауды тапсырғанынан хабардар. Соның негізінде Үйгентас ауданы қайта құрылып аймақты көркейтетін жобалар жүзеге асса деп үміттеніп отыр.

 

 

 

 24.kz