Мәселе

«Қыздығымның құны көк тиын болды»

  • https://photo.99px.ru/

    https://photo.99px.ru/

Таяуда ғана әлеуметтік желіде танымал продюсер Баян Есентаеваның сұхбатына байланысты қызу талқыға толы пікірталас өткен еді. Соңғы уақытта жиі талқыға түсетін тақырыптың бірі «қыздық, пәктік» мәселесіне байланысты бұл жолы да өз ойларын ортаға салғандар жаға жыртысудың алдынан қайтты десек те болады. Осы тақырыпқа байланысты Kznews.kz ақпараттық порталы да өз тарапынан сауалнама жүргізіп, пікір жинады.

 

Қазақ қоғамы үшін ең нәзік тақырыптың бірі саналатын «қыздың абыройы, пәктігі» мәселесі атам заманнан маңызды саналатыны белгілі.

 

Десек те, соңғы уақытта бұрынғылар үшін маңызды болған мәселе бүгін де келемежге, күлкіге, түк салмағы жоқ тақырыпқа айнала бастағандай. Заманның ағымына қарай ма, әлде басқалай себептер бар ма, ақ босағаны аттаған келіннің абыройы сөз бола қалса, «ескілік қалдығы» деп немесе басқа да себептерді алға тартып, қарсы пікір білдірушілер көбеюде.

 

Мысалы, бізбен тілдескен 29 жасар Айгерім Әбуова (аты-жөні өзгертілді):

 

«Тұрмыс құрмадым. Оқу дедім, жұмыс дедім, жүріп қалдым. Соңғы уақытта жеңгелерімнің араласуымен бірнеше жігітпен таныстым. Араларында үйленіп, ажырасқаны да болды. Алайда соған қарамастан, танысуға келген жігіттердің әңгімесінен ұққаным, «тұрмысқа шықпаған деген атым болғандықтан, пәк те болуым маңызды екен». Мен пәктігімді көше кезіп жоғалтпадым. Гинекологиялық ауруыма байланысты ота жасалып, соның салдарынан «қыздығымнан» айрылдым. Өкінішке қарай, менің сөзіме сенбеді ме, жоқ басқа себеп ба ма, келген жігіттер қайта оралмады. Бұдан не түйдім? Біздің қоғамда надан түсініктегі еркектер әлі де барын түсіндім»,- дейді ағынан жарылып. 

 

«Үйлену ниетім бар. Алайда ең басты шартым – алған жарым адал болуға тиіс. Әркімнің құшағынан шыққан әйелге ақ босағамды аттата алмаймын. Әйелдің басты құны да сол пәктігінде, абыройында деп санаймын»,- дейді сүрбойдақ Асқар Жоламанұлы.

 

Ал психолог мамандар бұл мәселеге байланысты ең алдымен жастардың өзара түсіністігі маңызды екенін алға тартады.

 

«Күйеуге шығатын кезімде болашақ жарым – пәк болу, абыройымды сақтаған болуымды қатаң талап етті. Бір үйдің жалғыз қызы болғаныма қарамастан, қолдан ұзатылмадым. Себебі, күйеуімнің материалдық мүмкіндігі болмады. Оны шынайы сүйгендіктен, алып қашумен үйленуге де келістім. Келін болып, босаға аттадым. Пәктігімді сүйгеніме, күйеуіме сыйладым. Алайда маған сондай талап қойған күйеуім ә дегеннен менің қалыңмалымды жарытып бере алмады. Бастапқыда мән бермедім. Уақыт өте келе бұл отбасының басты дерті ақша екенін түсіндім. Не керек, ақша, ақша деген ұрыстар көбейіп, ата-енемнен бастап, күйеуімнің туған-туыстарына дейін арамыз ашыла бастады. Сондай ұрыстың бірінде енем: «Неңді міндет қыласың? Әке-шешеңде ақша бар бола тұрып, саған ақшалай көмектесуді білмейтін сараңдар. Берген дүниесінің түрі анау»,- деді. «Сіздердің берген қалыңмал ақшасына қарай дүниемді де берді. Мен босағаңызды абыройыммен аттадым»,-дегенімде енем маған не деді білесіз бе? «Сенің абыройыңның құны көк тиын! Пәктігіңді міндет қылма! Жұрттың келіні босағасына құт болып келіп, сол үйді байытады. Ал сен бізді қайыршыға айналдырдың!»-деді.  Қазір ойлап қарасам, біздің еркектер қыздардан пәктікті талап еткенімен, оның құнын ешқашан біле бермейді.  Әйелін қыздай алып, түте-түтесін шығарады, көзіне шөп салады, отбасын асырай алмай қайыршыға айналдырады т.б. Сөйте тұрып қыздан абырой, пәктік талап ету қаншалықты ақылға қонымды?» – дейді бізбен сұхбатында Жанна Асылхан.

 

«Біздің жүргізген сауалнама барысында 18-28 жас аралығындағы қыздардың шамамен 60-70 пайызы пәктік мәселесін ескілік ұғымы деп қарайтынын жасырмады. Ал осы жас аралығындағы жігіттердің 60-70 пайызы «қыздықты» маңызды дүние деп санамайтынын білдірді. Қалған 30-40 пайыздық көрсеткіш әйелінің пәк болуын отбасылық абыроймен байланыстыратындарға тиесілі дер едім. Тағы да бір айта кететін мәселе – соңғы уақытта жастар арасында бұл мәселеге аса мән бермейтіндердің уақыт өткен сайын көбейіп келе жатқаны», – дейді әлеуметтанушы Айдар Құрбанқұлов.

 

Отбасылық өмірдің негізгі тірегі әйелдің «қыздығымен» тікелей байланыстыру түсінігінен арылғанымыз жөн бе? Әлде шаңырақтың шаттығы, некенің беріктігі ең алдымен әйелдің абыройына байланысты бола ма? Сіздің пікіріңіз қандай, құрметті оқырман?

 

 

 

Асыл БАЛАБИ




Көрілген: 8731    Пікірлер: 0

бейсенбі, 07.10.2021, 10:49

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30