"Қыздың түрі қаннан көрінбейді": ауылда болған оқиға тұрғындарды дүр сілкіндірді

15 желтоқсан 2021, 10:14

Жергілікті тұрғындарға басу айтқан ауыл әкімі бұл мәселе біздің құзыретімізге кірмейді деп ақталды

Атырауда төрт ит талап тастаған 13 жастағы қызды құтқарып қалған ауыл тұрғыны оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

2008 жылы туған қыз аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайы ауыр, деп хабарлады "Астана" арнасы.

Көркем Рамазанова қызыл іңірде би үйірмесінен шыққан. Алайда үйге қайтар жолда төрт ит тап беріпті. Қасындағы құрбылары қашып үлгерген.  Ал Көркемді қаңғыбас иттер сау тамтығын қалдырмай, талап тастаған.   

"Мынау масқара ғой. Ана кісі келіп құтқармағанда жағдай не болар еді?! Өліп кетеді ғой, тіпті. Әкімдік қайда қарап отыр сонда? Мына иттерді неге бетімен жіберген? Ауылдың екі ортасында. Айдала болса бір сәрі", - дейді қыздың анасы Гүлдана Қабасова.

"Төрт ит жан-жағынан тартып жатыр. Қыздың үсті-басы қан. Ұсқыны қаннан көрінбейді. Сосын мына жақтан Азамат көлікпен келіп қалды. Содан "Мына қызды танисың ба?" деп сұрап едім. "Ауылдағы Ришаттың қызы" деді. Алып кете қойшы дедім. Үйге барып көлік айдап шығам дедім. Мен келмесем, аналар жеп қоятын түрі бар", - деп атап өтті Атырау ауылдық округінің тұрғыны Ринат Абуов.
Бұл жағдай ауыл тұрғындарын дүр сілкіндірді. Айтуынша, ауылда соңғы кезде қаңғыбас иттер қаптап кеткен. Солардың көзін құрту керек дейді. 

"Таңертең сағат жетіде балалар, ата-аналар шығады. Қасымызға үлкен адам алып шықпасақ, иттен қорқамыз. 14-тегі баланы жетектеп мектепке апара алмаймыз гой, кешке сағат 8-сегізде алып кете алмаймыз. Әкесі-шешесі жұмыста жүреді. Кейбір ата-аналар емшектегі баламен үйден шыға алмайды", - дейді Атырау ауылдық округінің тұрғыны Мөлдір Қарақұлова.

Жергілікті тұрғындарға басу айтқан әкім бұл мәселе біздің құзыретімізге кірмейді дейді. Әр үй өз итіне ие болса мұндай жағдай болмас еді деп ақталды.    

"Бұралқы ит мәселесі қазіргі уақытта біздің әкімдіктің құзырында емес. Бізге бұралқы итпен күресу үшін қаржы бөлінбейді. 2020 жылы ветеренария басқармасының құзырына беріп жіберген", - деп түсіндірді Атырау ауылдық округінің әкімі Нұрлан Қалмурзин.

Ал ветеринария басқармасы биыл 46 рет рейд жүргізілгенін айтады. 348 бұралқы ит атылған. Дегенмен ата-аналар оқыс оқиғадан кейін балаларын мектепке өздері жетектеп әкеліп жүр.

sputnik.kz