Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Қызылжар өртшілері су іздеп жүр

22 қаңтар 2011, 10:58

«Осындай да өрт сөндірушілер болады екен, тағы да сулары бітіп қалды», «олар су әкелгенше, үй толықтай күлге айналды». Осы тектес айыптауларды өрт болған жерлерде жиі естиміз. Бірақ бәрі байыбына бара бермейді. Қарапайым халық бір өрт сөндіру көлігіндегі 3 тонна су көп дегенде 8 минутқа ғана жететінін қайдан білсін?! Оны қайта толтыру үшін жақын маңда өрт сөндіру гидранттары болуы керек. Ал Қызылжар қаласындағы гидранттардың үштен екісі істен шыққан. Сондықтан да жалын жалмап жатқанда өрт сөндірушілер су іздеп қаланы шарлап кетеді.
Жаңа жылдың алдында Қызылжар ша­һарының Бензострой шағынауданында екі қабатты үйді жалын шарпыды. Өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері жедел жеткен, бірақ радиусы 2 шақырым жерден су таба алмай сабылған. Ал сенім артқан гидрант­тар баяғыда сынып қалған екен. Осының кесірінен үй толық жанып кетті, ішіндегі адамды да өлімнен құтқару мүмкін бол­мады. Бұл – көп оқиғаның біреуі ғана.
Қаладағы туберкулезге қарсы диспан­серде немесе облыстық балалар ауруха­насында өрт бола қалса, оны сөндіру оңай­­ға соқпасын Төтенше жағдайлар жө­нін­дегі департамент мамандары жақсы біледі. Сондықтан Алладан аталмыш ме­кемелерді өрттен аман сақтай гөр деп тілеумен отыр. Себебі адам көп шоғыр­ланатын бұл нысандардағы гидранттар орталық су құбырынан ажыратып тастал­ған. Н.Погодин атындағы облыстық драма театр да – осындай жағдайда.
Төтенше жағдайлар департаменті мем­лекеттік өрт бақылау бөлімінің бас маманы Болат Құсайыновтың айтуынша, Қызылжар қаласында өрт сөндіру кезінде су алатын 371 гидрант бар, олардың 242-сі – жарам­сыз жағдайда. 298 гидрант «Петропавл су» АҚ қарамағына берілген, бірақ кәсіп­орын бірнеше рет әкімшілік жазаға тар­тылса да, өрт қауіпсіздігіне салғырт қа­рауын қояр емес. Иесі жоқ 73 гидрант та көптен бері жарамсыз күйде жатыр.
Өрт сөндіру гидранттарын жол жөн­деушілер де елер емес. Жолға асфальт тө­сеген кезде канализация люктерінің көбін жауып кете барады. Ал олардың кейбірінде өрт гидранттары орналасқан. Мысалы, Пар­хоменко, Қазақстан Конституциясы, Астана, Театр, Ю.Медведев көшелеріндегі гидранттарды асфальт астынан аршып алу мүмкін болмай қалды. Ал Солнечный, Бор­ки, Копай шағынаудандары мен Сен­ная база, Колхозный косогор көшелері мен былғары зауытының маңында мүлдем су жоқ.
Міне, осындай жағдайлар талай қай­ғылы оқиғаларға себеп болуда. 2010 жы­лы Солтүстік Қазақстан облысында ірілі-ұсақты 1107 өрт оқиғасы тіркелген екен. Ал 2011 жылдың алғашқы он шақты күні­нің өзінде 47 өрт болып, салдарынан сегіз адам көз жұмған. Олардың біреуі – кішкентай бала.
Болат ҚҰСАЙЫНОВ, Төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы:
– Өткен жылы иесіз жатқан 162 өрт сөндіру гидрантының 100 шақтысын әкімдікке хат жазып жүріп, «Петропавлсу» кәсіпорнының қарамағына бергіздік. Бірақ олар да дұрыс қадағаламайды. Көбі қар астында жатыр, қатып қалған. Жылына көктем мен күзде екі рет тексеріп, жауапты адамдарға ескертеміз. Айып та салынады. Бірақ нәтиже шамалы. Гидранттардың қай жерде орналасқанын білдіретін тақтайшалар ілініп тұруы тиіс. Өкінішке қарай, олардың көбі жұлынып тасталған, сондықтан өрт болған жерге барған өрт сөндірушілер қолдарына карта алып, гидранттың қай жерде екенін іздеуге кіріседі. Бұл да біраз уақыт алатыны анық.