Қызылорда облысында университет түлектері алған диплом жарамсыз болып шықты

09 желтоқсан 2021, 23:47

Қызылордадағы "Ақмешіт" гуманитарлық-техникалық институтының биылғы түлектері алған дипломы жарамсыз екенін білді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Жастардың айтуынша, алған дипломдарында сәйкестендіру нөмері жоқ.

"Бес айдан бері жұмысқа тұра алмай жүрміз. Төрт жыл 210 мың теңгеден төлеп оқыған дипломымыз жарамсыз болып шықты, енді қайда барамыз, не істейміз?", - деп жазады бір топ жас Instagram желісіндегі kritikakyzylordy-парақшасында.

Түлектер лицензия мәселесі қашан шешілетінін білу үшін телефон соғып, университетке бірнеше мәрте барғанын, әзірге жауап жоқ екенін айтады.

"Қанша түлекке бірегей сәйкестендіру нөмірі жоқ диплом берілді. Ал бірінші курс студенттері ше? Институт өкілдері сотта жеңіп шыққандарын айтқан", - дейді қызылордалықтар.
Тілшіміз түсініктеме алу үшін ҚР Білім және ғылым министрлігіне жүгінді. Ведомствоның баспасөз қызметі университет әрекеті заңсыз екенін айтты.

"2021 жылдың жазында біз "Ақмешіт" гуманитарлық-техникалық институты бас лицензиясынан айырылғаны туралы ақпарат жарияладық. Тиісті шешімді сот қабылдады. Университетке барлық сәйкессіздікті жою үшін уақыт берілді. Алайда жоғары оқу орны оны білім беру қызметтерінің сапасын жақсарту үшін қажетті жұмыс жүргізудің орнына сот талқылауына және ҚР БҒМ комитетінің іс-әрекеттеріне шағымдануға жұмсады", - деді ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуалиева.
Сондай-ақ, ведомство өкілдері лицензиядан айыру туралы және ЖОО-да аккредиттеу болмаған жағдайда олар гранттарды сақтай отырып және игерілген кредиттер мен пәндерді қайта есепке ала отырып, басқа ЖОО-ға ауысуға құқылы екені туралы жұртшылықты хабардар еткенін мәлімдеді.

"Ата-ана мен студенттердің жарияланған ақпаратқа назар аударуы және жоғары оқу орындарын таңдау мен одан ары оқу мәселесіне жауапкершілікпен қарауы өте маңызды. 

Жоғары оқу орындарын жабу кезінде министрлік білім беру қызметтері сапасына қойылатын талаптарды басшылыққа алады", - деді ведомствоның баспасөз хатшысы Әбдуалиева.
Тілші "Ақмешіт" гуманитарлық-техникалық институтының басшылығына хабарласты. Ректор Ерлан Шынбергенов институттан лицензия алып, дипломдардың жарамсыз екені туралы әңгімелерге сенудің қажеті жоқ деп жауап берді.

"Бізде көп білікті мұғалімдер мен профессорлар жұмыс істейді. Егер бізде лицензия болмаса, олар қалай жұмыс істеп жүр? Ресми түрде, заң бойынша жұмыс істейміз! Дипломдарға келетін болсақ, онда тек сериялық нөмірді қою керек. Біз дипломдарды 2021 жылдың мамырында бердік, ал дипломдардың жеке үлгілерінде бірегей сәйкестендіру нөмірлері болуы керек деген бұйрық 2021 жылдың 7 маусымында шықты. Біз ҚР Бас прокуратурасына ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылауды қамтамасыз ету комитетінің әрекетіне шағымдану бойынша өтініш бердік. Шешім шыққаннан кейін барлық 399 түлекке бірден сериялық нөмірлер қоямыз және мәселе шешіледі", - деді ол.