Қызылордада 7 баланың анасы әкімдік ғимаратын бүлдіргені үшін қамауға алынды

24 қаңтар 2022, 23:27

Қызылордада 7 баланың анасы Зарина Бейбасароваға қылмыстық іс қозғалып, 2 ай тергеу қапасына қамалған. Қамалған әйелдің 6 айлық емізулі баласы үйінде қалды, деп хабарлайды Экспресс К.

 

Анасын қамап тастағаны бәрінен де ең кенжемізге қиын болды деп қынжылады Заринаның жолдасы. Оның айтуынша, әйелі тәртіпсіздікке мүлде қатыспаған. Ол 5 қаңтар күні әкімдікке жеке шаруаларымен барған еді дейді. Ал бұзақылар сол сәтте ғимаратқа шабуылдағанын айтады.

 

Оның бұзақыларға қатысы жоқ. Тек бұзақылар әкімдікке басып кірген сәтте сол жерде болған. Бірақ ештеңе бүлдірмей, қайтып кеттім деді маған. Балаларға обал болды. Кімнен көмек сұрарымды білмей отырмын, — дейді Зарина Бейбасарованың күйеуі Нұрлан Мәтенов

 

Осы мәселеге байланысты Экспресс К тілшісі Бас прокуратураның Қызылордадағы жауапты прокурорына хабарласты. Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, Зарина Бейбасарованың әкімдікті бүлдіріп жатқан сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

 

Облыстық әкімдік ғимаратында бүкіл заттарды сындырып жүргені бейнекамераға жазылған. Тас лақтырып жүргені бейнежазбамен толық дәлелденіп тұр. Сондықтан ҚК-нің 272-баптың 2-тармағымен тергеу соты қамауға алды — дейді прокурор Азат Әбдуманов

 

Қазір әлеуметтік желілерде Қызылордадағы тәртіпсіздіктен кейін көпбалалы аналардың қамауға алынғаны жөнінде жазбалар жарияланып жатыр.