"Қызымның аяғының жартысын аурухана кейін жеткізді": БҚО-да мас полицейдің қатысуымен болған жантүршігерлік жол апатының жаңа мәліметтері белгілі болды

09 желтоқсан 2021, 20:05

1 желтоқсанның кеші Төрехан Бержановтың отбасы үшін қаралы күнге айналды. Орал-Тасқала жолының 46 шақырымында жан түршігерлік жол апаты болып, салдарынан оның анасы қаза тауып, кішкентай қызы мүгедек болып қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Мой город" басылымына сілтеме жасап.

Қазір Төрехан Бержанов ауруханада, оның жеті айлық қызы жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды. Жарақаттары өте ауыр болған. Оның кішкентай ғана қызы Ақұштап Мирастың аяғының жартысы жұлынып кеткен. Сондай-ақ жол апаты анасы Гүли Бержанованың өмірін қиды.

Төрехан Бержанов алған соққыларына қарамастан, сол қанды кешті әлі күнге дейін ұмытпайды.

"Сол күні әйелім, қызым және анам үшеуіміз жұмыс бабымен Оралға бардық. Бері қарай кешкі сағат жетілерге таяу қайттық. Мен мүлдем ішпеймін, рөлде болғанда сап-сау едім. Жолды қою тұман басқан еді. Мен төтенше жарықшамдарын қосып қойдым. Жәймен кетіп бара жаттым. 46 шақырымды артқа тастағанда алдымнан қарсы келе жатқан көліктің шамын байқадым. Жақындаған кезде ол менің жолағыма өтіп кеткенін түсіндім және көліктің алыс шамдары жағулы еді. Біздің арақашықтық тез жақындай берді. Қарсы келе жатқан көліктің менің жолағыма ауысқанын түсініп, мен екі таңдаудың арасында қалдым: не бетпе-бет соқтығысуға жол беремін немесе қарсы жолға бұрылу арқылы соқтығысудың алдын аламын. Мен жақындарымның өмірін ойлап қарсы жолаққа шыққаным сол еді, әлгі жүргізуші де күрт бұрылып, көлігімнің жолаушылар отырған бүйірінен келіп соқты. Соққыдан көлігім шұңқырға барып түсті", - деп еске алды Төрехан.

Ер адам әйелінің алдыңғы жолаушы орындығында, ал анасы мен қызы көліктің артқы орындықтарында отырғанын айтты. Соқтығысқаннан кейін ол көліктен жүгіріп шыққан.

"Жанымда әйелім ауырсынып айқайлап жатты. Өтіп бара жатқан көліктер бірінен кейін бірі тоқтап, көмектерін ұсынды. Мен әйелімді көліктен шығарып алдым. Сосын артқы есікті ашып жылап жатқан қызымды көрпемен орап, қолыма алдым. Көп ойланбастан бейтаныс адамнан оларды ауруханаға жеткізуді өтіндім. Қызымды сол көлікте отырған әйелдің қолына тапсырдым. Олардан алыстай бастағаным сол еді, әйелдің қорқынышты айқайы естілді. Ол: "Қыздың аяғына не болған?" - деп сұрады. Мен қатты қорқып кетіп, жүгіріп жанына бардым, әйел көрпені ашып көрсетті, ал ол жерде қорқынышты сурет болды... Мен күртемді шешіп, онымен қызымды орап ауруханаға жібердім. Мен сасқанымнан қызымның аяғын іздеп табу керек екенін де ойламаппын", – дейді ол.

Содан кейін ол анасын іздей бастаған. Әйел артқы орындықта аударылып жатқан.

"Мен анамды тауып алып, оның тамыр соғысын тексере бастадым, бірақ не болып жатқанын әлі де түсінбеген едім. Қолым дірілдеп тұрды. Тоқтағандар да анамның жанына барды, алайда маған оның жүріп кеткенін ешкім айта алмады. Мен екінші жүргізушіні іздедім. Адам өте көп болып кетті. Ал олар көліктегі адамдардың қайсысы рөлде болғанын анықтай бастаған. Өйткені Hyundai Accent көлігіне барғандар олардың мас екендіктерін талқылап жатқан еді. Мен көлікті кім жүргізгенін білген кезде, оның жағасынан алдым. Ол алғашында өзінің көлікті басқарғанын мойындағысы келмеді. Одан кейін менімен келісімге келгісі келді. Мен оны полиция қызметкерлері келгенше жібермей ұстап тұрдым да, келгеннен кейін көлігіне салып жібердім. Оның үстіне жүргізуші көлікте жалғыз болғанына сендіргісі келді. Қарсы келе жатқан көліктің жолаушылары да бізге көмек көрсетудің орнына басқа көлікке мініп, кетіп қалған", - деп түсіндірді Төрехан.

Медициналық тексеру кезінде шетелдік көлік жүргізушісінің мас болғаны белгілі болды. Біраз уақыттан кейін оқиға орнына жедел жәрдем келген. Дәрігерлер ер адамның анасының өлімін анықтап, кетіп қалған. Әйелдің денесін ешкім алып кетпеген. Сағат 1:30 шамасында Төреханның ағасы оны көлігімен мәйітханаға апарған.

"Менің қызымның жағдайы ауыр еді. Оны тасымалдау мүмкін болмағандықтан, дәрігерлер Переметное қаласына санитарлық авиациямен келді. Дәрігерлер кесілген аяқтың қалғаны қайда деп сұрады. Қызымның аяғының қалғанын ауруханаға полиция қызметкерлері алып келді. Бірақ, өкінішке орай, аяқты тігу мүмкін болмады, себебі сүйегі мүжіліп кеткен еді. Қазір қызымның тізеден төменгі жағы жоқ. Сондай-ақ оның оң қолы сынған және маңдайынан қатты соққы алған. Біз түні бойы тек оның аман қалуын тіледік. Мен бұл ауыр қайғыны қалай айтып жеткізу мүмкін екенін білмеймін. Таңғы сағат бесте мұрнымнан қан тоқтаусыз аққаннан кейін өзімнің ауруханаға баруыма тура келді. Миым шайқалған болып шықты. Әйеліме қазір ота жасалды, оның тұла бойы көгерген, мойын омыртқасының шығуы секілді жарақаттары бар. Ол да ауруханада жатыр", – дейді жәбір көрген азамат.

Төрехан қызын әлі анасы қоректендіріп жүргендіктен, ауруханада берген сүт қоспасын іше алмайтынын айтады.

"Өте қиын. Қызым ауырсынуды басатын дәрілердің күшімен жатыр. Жылайды. Мен оны жұбатуға тырысамын. Анамның өмірден өткеніне де 7 күн болды. Ол өте ашықжарқын еді. Қайғылы оқиғадан бір күн бұрын үстемақыға қол жеткізген. Бұл ақшаға анам өзіне жаңа күртешеге тапсырыс берген. Біз әйеліміз екеуіміз сыйлық ретінде жаңа сөмке алып бердік. Ол ауруханада медбике болып еңбек етті. Өмір сүруге лайықты еді. Қазір мен тек бір нәрсені ғана тілеймін, қылмыскер жазадан құтылып кетпесе екен", – деп түйіндеді Төрехан Бержанов.