Лайк басып, табыс тап! Павлодар тұрғыны қалай алаяқтарға алданғанын айтты

20 қаңтар 2023, 17:11

Облыс орталығының тұрғыны Pavlodarnews.kz тілшісіне қалай  алаяқтардың  құрбаны болғаны жайлы айтып берді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі.

Қосымша табыс іздеген Айханым (қала тұрғынының өтініші бойынша кейіпкердің есімі өзгертілді) өзінің түйіндемесін HeadHunter сайтында жариялаған. Бірнеше күннен кейін оған WhatsApp мессенджерінде «жұмыс беруші»  хабарласып, жеңіл ақша табу жолын ұсынады.

 

Жұмыстың  шарты бойынша тек лайк басып, пікірлер жазу және Instagram әлеуметтік желісінде ақпаратпен бөлісу қажет болған. Әр тапсырма үшін 300 теңге төлеуге уәде берген.

 

Еш күдіктенбеген Айханым бірден келісімін берген. Бұдан кейін оны жүзге жуық адам отырған топтық чатқа қосқан.

 

– Топтың көптеген мүшелері тапқан ақшасының скриншоттарын чатқа тастап отырды, – деді Павлодар тұрғыны. – Олар ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, өз жетістіктерімен бөлісіп жатқаны көңіліме сенім ұялатты. Енді ғана олардың жалған адамдар болуы мүмкін екенін түсініп отырмын.

 

Көп ұзамай оған белгісіз нөмірден СМС келген.

 

«Біздің басты міндетіміз – сатушыларға тауарлардың жақсы сатылуы үшін тауарлардың танымалдылығын арттыруға көмектесу. Салықтың жоғары болуына байланысты сатушы тапсырманы жібереді, ал сіз тауарды сатып аласыз. Сіз тапқан ақша – сатушының салық ақшасы. Тапсырманы орындағаннан кейін марапатты алу үшін әкімшіге скриншот түсіріп жібересіз» –  деп жазылған хабарлама мазмұнында.

 

Алаяқтар өздерінің мақсатында жету үшін jmart.kz ресми сайтын пайдаланған. Бұл – Jusan банкінің интернет-дүкені. Олар тауарлардың бірін таңдап, скриншотын түсіруді және  тауардың ақшасын «сатушының» шотына аударуды сұраған.

 

Еш күдіктенбеген Айханым алдымен сегіз мың теңгеге жуық ақша жіберген.

 

– Бір-екі минуттан кейін ақша пайызы қосылып, он мың теңге болып қайтарылды. Бұдан әрі екінші тапсырманы орындау үшін   34900 теңге аудардым. Бірақ бұл жолы  ақшаны қайтып жібермеді, – дейді алданған тұрғын.

 

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бұл –алаяқтықтың жаңа түрі. Айханым Оңтүстік полиция бөліміне өтініш білдірді.

 

Тәртіп сақшылары павлодарлықтарды өздерінің жеке деректерін, пластикалық карталардың деректемелерін ешкімге хабарламауға, аударымдар туралы ақпаратты, әсіресе кілт сөздері мен құпия сөздерді, тіпті өздерін банк немесе полиция қызметкерлері ретінде таныстырған адамдарға да хабарламауға шақырады. Сондай-ақ бейтаныс адамдар ұсынатын күмәнді, бірақ пайдалы іске бармай, кілт сөздерді үнемі өзгертіп отыруды ұсынады.