Мәселе

"Лох", "черт", "тоқылдақ". Әскердегі психологиялық әлімжеттік басылмай тұр

  • https://www.azattyq.org/

    https://www.azattyq.org/

Алматы облысында әскерге шақыртылғанына үш-ақ ай болған 19 жастағы жігіт биік мұнарадан секіріп мерт болды. Сот айыпты деп таныған сержантқа алты жыл түрме жазасын кесті.

Үкіммен келіспеген екі тарап та мұның артында әскердегі әлімжеттік мәселесі тұр дейді. Билік жаңа технологияның көмегімен ұрып-соғуды азайтамыз десе, сарапшылар "әлімжеттіктің формасы өзгеріп жатыр, оны ешбір камера байқамайды" деп дабыл қағады.

 

КОМАНДИР ҚОЛ ЖҰМСАҒАН САРБАЗДЫҢ ҚАЗАСЫ

 

Қапшағай қаласындағы № 65476 әскери бөлімде биыл 2 наурызда 19 жастағы сарбаз Дмитрий Ганчлевский биік мұнарадан секіріп, мерт болды.

 

Ресми қорытынды бойынша, қайғылы оқиға жаңа келген сарбаздың резервуарға суды дұрыс толтырмағанынан басталған. Әскери бөлімге су тәулігіне үш мезгіл ғана келеді. Сондықтан сарбаздар суды арнайы резервуарға жинап алуы тиіс. Наурыздың екісіне қараған түні қатардағы жауынгер Дмитрий Ганчлевский резервуарға су толтырған кезде кранды жабудың орнына ашық қалдырған. Соның кесірінен резервуарға келген су түгел ағып кеткен.

 

Сол күні рота кезекшісі болған сержант Әлібек Ағыбаев қатардағы жауынгер Дмитрий Ганчлевскийді шақырып, бұл ісін түсіндіруді талап етеді. Ганчлевский кранды байқамай ашып кеткенін айтып, түсініктеме жазған.

 

Іс материалдарында "осы кезде ашуға бой алдырған сержант Ағыбаев билігін асыра пайдаланып, Ганчлевскийді балағаттап, бетінен шапалақпен тартып жіберген" деп жазылған. Содан кейін оған таңға дейін кезекшілікте тұруды бұйырып, кетіп қалған. Арада жарты сағат өткенде Ганчлевский сыртқа шығып, 26 метрлік мұнарадан секіріп, қаза болады.

 

Төрт жылдан бері сол әскери бөлімде келісім-шартпен жұмыс істеп келген сержант Әлібек Ағыбаев осы оқиғаға байланысты "билігін асыра пайдаланды" (Қылмыстық кодекстің 451-бабы) деп айыпталып, әскери сот үкімімен алты жылға бостандығынан айырылды. Алматы горнизонының әскери сотында қаралған істің үкімі биыл 27 шілдеде шықты. Ал 10 қыркүйекте апелляция соты оны өзгеріссіз қалдырып, үкім заңды күшіне енді.

 

"МАМА, БАЛАҢДЫ ӘСКЕР ДІҢКЕЛЕТТІ..."

 

Сержант Ағыбаевтың анасы Айгүл Бекежанова "тергеу біржақты жүрді, әлімжеттіктің барын мойындағысы келмеген әскери бөлім істі жылы жауып тастады" деп санайды. Оның айтуынша, қаза болған жігіт бөлімшеге келген үш айдан бері маңайындағылардан құқай көріп келген сияқты. Себебі, оның қойын дәптерінде "Әскерден кеткім келеді", "Мама, әскер діңкелеткен балаңа демалыс керек", "Мыналардың аты-жөнін есте сақтап... сыртта ұстап алса" деген жазбалар бар.

 

Өзіне қол жұмсаған сарбаз бен сотталған командир екеуі екі ротада болған, бір-бірін тіпті танымайды да дейді Айгүл Бекежанова.

 

&ndash Ұлым [сержант Әлібек Ағыбаев] Ганчлевскийді шақыртып, түсініктеме алғанда жанында тағы екі сарбаз болған. Олар алғашқы жауабында ұлымның "Ганчлевскийді ұрғанын көрген жоқпыз" деген. Екі сарбазды әскери тергеу бөліміне әкеткен, арада үш күн өткенде олардың сөзі өзгерген. Ұлым ескерту жасағанда шыдамай кеткен шығар. Бірақ ұлым суицидке итермелеп, қысым жасады, ұрды-соқты деу артық, &ndash дейді Айгүл Бекежанова.

 

Суицидке дәл осы сержант Ағыбаевтың кінәлі екеніне жәбірленуші тарап &ndash көз жұмған сарбаздың әкесі де сенбейді. Ол істі қайта тергеуге жіберу керегін айтып, сотқа шағым да жазды дейді Азаттыққа түсініктеме берген жәбірленуші тараптың адвокаты Кәмшат Шінтекова.

 

&ndash Әкесі Дмитрий Тарховтың айтуынша, әскерге кеткенде ұлы Дмитрий Ганчлевскийдің психикалық және физикалық жағдайы жақсы болған. Бір шапалаққа бола өзіне қол салатындай емес, мінезі салмақты болыпты, &ndash дейді адвокат.

 

Шінтекованың айтуынша, алғашқы инстанцияда әскери бөлім басшылығы мен тергеушілер "ұлыңыздың өліміне кінәлі &ndash Ағыбаев, шу шығармайық, өтемақы береміз" деген. Әкесі соған сеніп келіпті.

 

&ndash Апелляция сотына барғанда іспен танысып, Ағыбаевтың жазықсыз екеніне көзі жетіп, сотқа өтініш берді. Осыдан кейін сот Ағыбаевты ақтауы, я істі қайта тергеуге жіберуі керек еді. Бірақ сот өтінішімізді қанағаттандырмады, &ndash дейді жәбірленушінің адвокаты Кәмшат Шінтекова.

 

Өтініштің неге қанағаттандырылмағаны жайлы Жоғарғы әскери соттан жауап алу мүмкін болмады. Алайда істі қараған әскери соттың апелляция алқасының қаулысында "істі прокуратураға қайтаруға ондағы қылмыстық- процестік заңнаманың бұзылуы себеп" болатыны, ал істе ондай жайт анықталмағаны айтылған. Сонымен бірге, жәбірленуші тарап бұл іс бойынша өзге адамдарды айыпты деп білсе, тиісті арыз түсіріп, жауапқа тартуға құқылы екені жазылған.

 

Қапшағайдағы № 65476 әскери бөлім командирінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қасымбек Бижанов әскери бөлімде әлімжеттік болған емес дейді.

 

&ndash Бізде әлімжеттік болған емес, болмайды да. Бұл біздегі алғашқы және соңғы суицид дей аламын, &ndash деп қысқа қайырды подполковник Бижанов.

 

"ОФИЦЕРЛЕРДІ ТӘРБИЕЛЕУ КЕРЕК"

 

Ресми мәлімет бойынша, соңғы он жылда Қазақстанда 220 əскери қызметкер өз-өзіне қол жұмсаған. Яғни орта есеппен жылына 22 сарбаз суицид жасайды. Биыл жыл басынан бері әскерилер арасында жеті адам өзіне қол жұмсап, мерт болған.

 

Қазақстан Бас әскери прокурорының бірінші орынбасары Тәшімовтің Азаттыққа берген мәліметі бойынша, тіркелген суицидтердің 90 пайыздан астамы қылмыстық сипатта емес. "Олар көбіне отбасылық-тұрмыстық, материалдық проблемалар, қылмыстық жəне өзге де жауапкершіліктен қорқу, əскери қызметтің ауыртпалығына шыдамау, әскери ортаға бейімделе алмау сияқты себептерден болған" дейді прокуратура өкілі.

 

Сондай-ақ əскери борышты өтеуге қатыссыз мәселелермен, мәселен, суицидке генетикалық бейімдік, стресс жəне депрессия, алкогольге тəуелділік сияқты себептермен өзіне қол жұмсағандар бар.

 

Алайда "Алматы қаласы солдат аналары комитетінің" жетекшісі Зинаида Чивилеваның пікірінше, әскерилерді суицидке жеткізетін &ndash әскери бөлімдегі әлімжеттік, ал оның азаймауына онда қызмет етіп жүрген офицерлер себеп. Оның айтуынша, қорғаныс саласының басшылары офицерлердің өзін тәрбиелеуге баса мән беруі керек.

 

&ndash Келісім-шартпен жұмысқа алынған офицерлер тәрбиесіз. Олар адаммен жұмыс істей алмайды. Мұғалімдер сияқты олардың адамдармен жұмыс істеу қабілетін жылына екі рет рет сынақтан өткізіп, [өте алмағандарын] басқаларға сабақ болуы үшін жұмыстан қуу керек, &ndash дейді Зинаида Чивилева.

 

Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Тәшімовтің Азаттыққа берген мәліметін сараласақ, Қазақстанның әскери бөлімшелерінде әр 6 күн сайын жарғыға қайшы келетін әрекет бойынша бір қылмыстық құқық бұзу тіркеледі. Кейінгі он жылда жарғылық емес өзара қарым-қатынасқа байланысты 604 адамға қарсы 623 қылмыстық құқық бұзу әрекеті есепке алынған. Бұл тек назарға іліккені ғана.

 

Қорғаныс саласының шенеуніктері әскери қызметкерлер арасында жарғыдан тыс қарым-қатынасты азайту үшін түрлі шараларды қолға алып жатыр. Қазақстан қарулы күштері бас штабы бастығы бірінші орынбасарының міндетін атқарушы, авиация генерал-майоры Нұрлан Кәрбеновтың Азаттыққа берген жазбаша жауабына сенсек, бөлімшелерде бейнебақылау жүйелері және сенім телефондары жұмыс істейді, тәртіпті жақсарту мақсатында онкүндік, айлық және құқықтық ақпараттандыру сияқты шаралар өткізіледі. Бұған қоса, әскерилер ата-анасымен телефон арқылы сөйлеседі, анонимді сауалнама жүргізіледі, сарбаздардың денесі де тексеріледі, мұнымен қоса, "прокурор сағаты", "ашық есік күні", көшпелі соттар ұйымдастырылады. Осының арқасында кейінгі 20 жылда сарбаздар арасында өз-өзіне қол салмақ болғандар 18 есе, ал өзіне-өзі қол жұмсап мерт болғандар саны 5 есе азайған.

 

ӘЛІМЖЕТТІК ТҮРІ ӨЗГЕРГЕН&hellip

 

Ұрып-соғу азайса азайған болар, әскердегі психологиялық ахуал жақсармай тұр дейді журналист, әскери сарапшы Амангелді Құрметұлы. Оның айтуынша, көзге көрінбейтін психологиялық қысым, әжуалау, кемсіту, қорлау өршіп барады. Мұны ешбір камера да, тексеру де әшкерелей алмайды дейді ол.

 

"Камерада орындық көтеріп тұрған, бір аяқпен секіріп жатқан сарбазды көресіз де, мұны солдаттардың арасындағы ойын болар деп топшылайсыз. Ал ол сарбаз аса қатты психологиялық қысымға ұшырап жатуы мүмкін" дейді ол.

 

&ndash Мұның артында бүкіл қазармаға таратылатын әңгіме, "лох", "черт" деген сияқты жаргон сөздермен моральдық тұрғыда қорлап, басып-жаншу жатыр. Өкінішке қарай, бұл күрделі мәселенің шешімі жоқ секілді, &ndash дейді Амангелді Құрметұлы.

 

Оның айтуынша, совет заманындағы стереотиптер қалып қойған әскерде бір-біріне үстемдік еткісі келетіндер бар, тәртіпке деген ұмтылысты қолдамау, шағымданғандарды "тоқылдақ" деген сияқты сөздермен мұқату жиі кездеседі.

 

Амангелді Құрметұлы қазір армияда моральдық ахуал өте нашар екенін, әскерге көбіне мектепте нашар оқып, жоғары оқу орнына түсе алмағандар баратынын айтады.

 

&ndash Мектепте "үшке" оқитын, тәртібі нашар балаларды мұғалім мен ата-ана ығыстырып, колледжге жібереді. 11-сынып бітіріп, оқуға түсе алмағандар да көп жағдайда әскерге барады. Бірақ бұл балалардың көбі &ndash әдетте мектепте мұғалімдері мен қатарластарынан қысым мен түртпектеудің неше түрін көргендер. Олар армияға барғанда көргенін өзінен әлсіздерге жасауға тырысады, &ndash дейді Амангелді Құрметұлы.

 

Оның айтуынша, Қазақстанда жылына 30-34 мың бала армияға шақыртылады, соның 17 мыңға жуығы &ndash 18 жасқа енді толғандар.

 

Амангелді Құрметұлының сөзінше, әлімжеттікке демократия құндылықтарының тікелей қатысы бар. Әрбір сарбаз адам құқығын сезініп, жеке басты құрметтеу дегенді білсе, мұндай басынуға бармас еді дейді ол.

 

Әскери ғылымдар докторы, отставкадағы полковник әрі Қазақстан қарулы күштерін құрғандардың бірі Ким Серікбаевтың пікірінше, әлімжеттіктің төркіні үйден алған тәрбиеде жатыр.

 

&ndash Отбасында тек физикалық қана емес, моралдық тұрғыда мықты етіп тәрбиелеген баланың өзгеге тіс батыруы екіталай. Баланы әскерге өзгереді деп емес, бойында бар қасиетін шыңдайды деп жіберген жөн, &ndash дейді полковник Ким Серікбаев.

 

Оның үстіне, күнделікті кинодан дәріптелетін әлімжеттік, ұрып-соғу, өлтіру &ndash осының бәрі жасөспірімнің психикасын бұзады дейді ол.

 

Амангелді Құрметұлы әлімжеттікті тыюдың бір жолы &ndash әскер жасын 18-ден кейінге шегеріп, армияға өмірді көрген, өзгені басынудың жөн емес екенін түсінген азаматтарды жіберген жөн деп санайды. Зинаида Чивилева да мұны құптайды, дегенмен сарбаздар арасындағы тәртіп пен құрмет олардың жасына еш байланысты болмауы тиіс дейді.

 

azattyq.org




Көрілген: 471    Пікірлер: 0

сейсенбі, 20.10.2020, 02:26

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    10 Қараша, 02:46
    Жайық құрып барады

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30