Magnum мен Kenmart-тың Назарбаевтар мен Маминге тиесілі екені белгілі болды

14 сәуір 2022, 19:12

Ауыл шаруашылығы және сауда министрліктерінің брифингінде Ulysmedia.kz тілшісінің сауалы спикерлерді біраз састырды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі.

Мамин мен Нұрбол Назарбаевтың есімдері аталған кезде Орталық коммуникациялар қызметінде біраз үнсіздік орнады. Олигархтарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлінетін субсидиялар туралы сұрағанда шенеуніктер абдырап қалды.

 

«Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидия бөлмейді. Оларды жергілікті атқарушы органдар қамтамасыз етеді. Сондықтан, өкінішке орай, Ауыл шаруашылығы министрлігінде мұндай ақпарат жоқ», – дейді Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова.

 

Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті төрағасының орынбасары Айдар Әбілдабеков Magnum және Kenmart сауда желілерінің кімге тиесілі екенін білмейтінін және ешқашан қызықпағанын айтты.

 

«Шынымды айтсам, маған ненің кімге тиесілі екені қызық емес. Мен Magnum кімге тиесілі екенін білмеймін. Мен барлық талқылауларға келетін Сауда желілері қауымдастығының өкілін білемін»,  – деп жауап берді ол.

 

Министрлік тек Қауымдастық өкілдерімен ғана диалог жүргізіп, олардан сауданың түйткілді мәселелерін біліп отырады екен.

 

«Олар да бізге шекті бағаның сауда жасауға қиындық туғызатынын, соның кесірінен кейбір тауарларды сөрелерден алып тастауға мәжбүр болып отырғандарын айтады. Біз де өз тарапымыздан олардың өтініш-шағымдарын ескереміз», - деді Әбілдабеков.

 

Ulysmedia.kz редакциясы тексеру жүргізіп, Magnum сауда желісі Болат Назарбаевтың ұлы Нұрболға, Кенмарт экс-премьер-министр Асқар Маминге тиесілі екенін анықтады.

 

Magnum-ның бұған дейін хабарланғанындай құжат бойынша Александр Роденков пен Данияр Арынғазиев "Caspian Trading Investment Co. Ltd еншілес компаниясы" ЖШС құрылтайшылары болып табылады

 

P.S. «Ким Лондон биржасына шығу үшін, «Магнумдағы» үлесін Назарбаевтың ұлына сатқан» атты мақала жарияланғаннан кейін сауда желісінің баспасөз қызметінің басшысы ақпаратты сайттан өшіруді өтінген. Жақында Magnum Cash&Carry компаниясының PR менеджері Дмитрий Шишкиннің қызметінен кеткені белгілі болды, оның иелері туралы мақала Ulysmedia.kz сайтында тұр.