Мәсімовтің Ресейде тұратын экс-күйеубаласы ақшасын қайтара алмай, соттасып жүр

28 сәуір 2022, 18:51

"Мемлекеттік төңкеріс жасамақ" болды деп айыпталып, қамауда отырған ҰҚК экс-басшысы Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеубаласы Азамат Қапенов миллион доллар ақшасын қайтара алмай, соттасып жүр. Бұл туралы бейсенбі 28 сәуір күні Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтылды - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Қазір Ресейде тұрып жатқан Қапеновтің заңгерлері оны алдап соққан досы жайында, сондай-ақ Қазақстан сотындағы әділетсіздік туралы айтты.

 

Іс қалай басталған?

 

Заңгер Керимованың айтуынша Қапеновтің ақшасын алып, алдап соққан Серік Хасеновпен араларында достық қарым-қатынас болған. Бұрын ішкі істер органында қызмет еткен Хасенов Қапеновтің Қазақстандағы кәсіпкерлік жұмыстарын жүргізуге көмектескен.

 

"2021 жылдың 9 желтоқсанында Хасенов Нұр-Сұлтан қаласының Есіл аудандық сотының шешімімен 190-баптың 4-бөлігі бойынша (Ірі көлемде алаяқтық жасау) 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Хасенов қорғауымдағы азаматтың толық сеніміне ие болып, оны өзіне қарсы пайдаланған. Қапенов Мәскеу қаласында тұрып жатқандықтан, Хасеновке Қазақстандағы істерін жүргізуді сеніп тапсырған. Өзге компаниялардағы үлестерін тапсыру арқылы, Хасенов 1 512 575 доллар қаражатқа иелік еткен. Бұл ақшаны алғаннан кейін Хасенов өзі уәде еткен жұмыстарды атқармаған. Кейін белгілі болғандай, оның бұл жұмыстарды атқаруға мүмкіншілігі де болмаған", – дейді заңгер Керимова.

 

Заңгердің сөзінше, сотқа арыз түсіргеннен кейін Хасеновті тергеу жұмыстары аяқталғанша үш ай уақытқа қамауға алған. Үкім айыпталушының кінәсін толық мойындауынан кейін шыққан. Керимова сондай-ақ сотта Хасеновтің өз кінәсін толық мойындап, алған ақшаны толық қайтарып беруге уәде еткенін айтады.

 

"Хасенов барлық кінәні мойындап, ақшаны қайтаруға уәде бергеннен кейін Қапенов оның сөзіне сеніп, сотталғанын қаламады. Сот шешімі бойынша Хасенов заңсыз жолмен алған ақшаны қайтарып беруі қажет еді. Ол келтірген шығынды өтеу мақсатында, тергеу шаралары кезінде 600 мың АҚШ долларын қайтарды. Осы уақытта Хасеновтың ұлы Төкенов. Е. 225 млн долларды ҰҚК депозитіне салып қояды. Айта кететін бір жайт, Хасенов сот үкімі шыққан күні-ақ бостандыққа шыққан. Осылайша барлығы жақсы аяқталып келе жатқан, алайда осы уақытта қаңтар оқиғалары басталады", – дейді Керимова.

 

Бұл іске қаңтар оқиғасының қандай қатысы бар?

 

Азамат Қапеновтің қаңтар оқиғаларынан кейін ұсталған ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің үлкен қызы Тамила Кәрімнің бұрынғы күйеуі екені белгілі. Заңгер Керимованың айтуынша, дәл осы фактіні Серік Хасенов өз пайдасына жаратқан.