Медреседе 10 мың террорист дайындамақ болды дегені өтірік – Сманов

23 ақпан 2022, 16:07

Ұстаз Абдуғаппар Смановтың бауыры Абдулахад Сманов танымал ақын Светқали Нұржанның мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Сарыағаштағы медреседе жат ағым насихатталмаған, ал шәкірттердің оқу кестесін ҚМДБ бекітіп отырыпты.
Светқали Нұржан "Қасқа жол" бағдарламасына берген сұхбатында Смановтың медресесі 10 мың лаңкес дайындамақ болды деп айтқан еді. Белгілі ақынның бұл пікірі қоғамда қызу талқыланды, деп хабарлайды Экспресс К.

  Светқали Нұржан

"Кешегі лаң солардың күшімен ұйымдастырылды. Оған менің күмәнім жоқ. Себебі 30 жыл бойы біз осыларға есікті аштық. Сарығаштағы Сманов медреселерін ашқан Қайрат Сатыбалды ғой мысалы. Керек болса, кейбір деректерде ол жерде қорғансыз балалардан құралған 10 мың адам дайындамақ болған. Оның барлығы террористерге айналады. Құдай-тағала оған жеткізбей 800-дей тырнақшаның ішінде шәкірт дайындап жатқан кезінде басқарып отырған адам індеттен жан тапсырып кетті", — дейді Светқали Нұржан.


Ғаламторда түрлі пікір туғызған ақынның сөзіне шетелде білім алып жатқан Абдуғаппар Смановтың інісі өзінің Facebook парақшасында жауап берді.

 Абдулахад Сманов

"Кешелі бері әлеуметтік желілерде шарлап жатқан бір видеоны көріп, адам баласы да ар-ұяттан жұрдай болып, өтірікті шындай соға бере ме? — деген ойға қалдым. Бір спикер сұхбатында, Сарыағашта Қайрат Сатыбалды медресе ашып, 10 мың адам дайындамақ болды деген дерек бар, — деп бөсіпті. Адам өтірік айтса да, кішкене ұқсастырып айтса ғой. Біздің Сарыағаш медресесі 92- жылы ашылып, 95- жылы Ратбек қажы атамыз арнайы ашылу салтанатын ұйымдастырған. Мен талай-талай сұхбаттарды, пікірталастарды көргенмін. Бірақ ешбірі журналистік этиканы аяққа таптап, қарсы тараптың сөзін тыңдамай, зерттемей, бас-көз жоқ қаралайтын журналистерді енді көруім... Егер онда кішкене әділдік болса, хайп қуып ана жазбамен спикердің сөзін кесіп таратардан бұрын, бізге келіп, медресені көріп кетер еді ғой", — деп жазды Абдулахад Сманов.

Абуғаппар Сманов

Абдуғаппар Сманов 1970 жылы 22 ақпанда дүниеге келген. Сарыағаш медресе колледжінің директоры, дін ғалымы, Қазақстанға белгілі ұстаз 2020 жылы 50 жасында өмірден озды.