Мопед міну үшін жүргізуші куәлігі қажет болады

20 шілде 2023, 21:24

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева Facebook парақшасында мәжілісмендер жол қозғалысы ережесіне қандай өзгеріс енгізгелі жатқанын айтты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кolesa.kz-ке сілтеме жасап.

Оның айтуынша 2022 жылы елімізде мопед қатысқан жол апатының саны 2021 жылмен салыстырғанда 3.5 есе (101-ден 352-ге), жараланған адам саны үш есеге (117-ден 390-ға) өскен. Сондай-ақ биыл алғашқы бес айда мопедшілер қатысқан жол апатында өлім көрсеткіші де үш есеге өсіпті.

 

«Сарапшылар самокат туралы заңға саны электросамокаттан кем түспейтін мопедтің енбей қалғанын сынап жатыр», — деп жазды Е.Смышляева.

 

Мәселені шешу үшін депутаттар қозғалтқыш көлемі 50 кубтан аспайтын мопедтерді тіркеп, мұндай көлік құралын жол ережесіне енгізуді ұсынып отыр. Ол бойынша:

 

*  мопедті 16 жасқа толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар адам жүргізе алады;

 

*  мопедші мотошлем киюге міндетті және мотошлем кимеген жолаушыны тасуға болмайды (мотоциклшілерге де осындай талап қойылады);

 

*  мас болып мопед жүргізуге болмайды;

 

*  ұзындығы мен ені 50 сантиметрден асатын және алып жүргенде қиындық тудыратын жүктерді тасуға болмайды;

 

*  мопедті эстакада, көпір және жол өтпесі бойына, сондай-ақ гүлзар, көгал және балалар ойнайтын алаңқай мен спорт алаңына қоюға тыйым салынады;

 

*  мопедпен көлік құралы құрылымында көзделген саннан асатын және мас немесе 16 жасқа толмаған жолаушыны тасуға болмайды (қазіргі жол ережесінде мопедпен жолаушы тасуға мүлде болммайды);

 

*  мопедшіге тротуар, жаяу жүргіншілер жолы және веложолмен жүруге болмайды. Ал түнде мопедшінің киімінде жарық шағылыстыратын элемент болуы керек. Веложолақпен жүруге рұқсат етіледі.

 

Депутат мұның бәрі қазірше жоба екенін, сондай-ақ мәжілістің жұмыс тобы кез келген орынды ұсынысты тыңдауға дайын екенін айтты.

 

 

Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz