Мәселе

Мұғалімнен оқушының сауаттырақ екенін министрдің өзі мойындады

  • Мұғалімнен оқушының сауаттырақ екенін министрдің өзі мойындады

    Мұғалімнен оқушының сауаттырақ екенін министрдің өзі мойындады

Мектепалды қарбалас әлі де басылатын емес. Біреулер базардан шықпай, балаларына дәптер-дорбаны сатып алумен әлек болса, енді біреулер мектеп формасын таба алмай дал болып жүр. Мектептердің де шаруасы шаш етектен – қыркүйектің 1-іне дейін жөндеу жұмыстарын аяқтап, жаңадан келетін мамандарды жұмысқа тұрғызу мәселесін шешіп алу қажет. Осындай қарбаласқа қарамастан, Білім және ғылым министрлігі барлық педагогтердің басын қосып, Тамыз кеңесі сияқты шараны дәстүрге айналдырғаны қашан. Сөз жоқ, бұл жолы да біраз мәселелер талқыға салынды. Алайда дәстүр бойынша оның барлығын кеңестің пленарлық мәжілісінде министр Б.Жұмағұловтың өзі тәптіштеп айтып берді.
Білім және ғылым министрін мазалап жүрген мәселелердің бірі – педагог маман­дардың ақпараттық заманға ілесе алмай жатуы. Шыны керек, бүгінде мектеп оқушы­ларының басым бөлігі компьютерді еркін меңгеріп, ақпараттық технологиялардың барлығын еркін пайдаланып жүр. Мұғалімдер болса кей кезде сенсорлық ұялы телефоннан да бас тартып, қарапайым техникаға жақын болуды қалайды. Осындайда «болашақта ұстаздар балалардан әбден қалып қойып, кім-кімді үйретіп жатқанын түсінбей жатпаймыз ба?» деп отырасың. Әлбетте, соңғы ақпараттық технологияларды жақсы меңгеріп шыққан жас мамандар бар. «Өкінішке қарай, бәрі бірдей емес», – дейді Б.Жұмағұлов. Министр мырза бұл жағдайдың баланың айналадағы дүниені ұстаздың көмегімен емес, компьютер арқылы тануға әкеліп соқтыратынын жақсы біледі. Ал ғаламторда құнды ақпараттармен бірге жас­тар­дың санасына кері әсер ететін жайт­тардың да көптеп кездесетінін ұмытпау қажет. «Сон­­дықтан әрбір педагог, біріншіден, за­манауи желілік коммуникациялық техноло­гияларды жоғары деңгейде меңгеруі тиіс.
Екіншіден, виртуалды кеңіс­тіктің ар­тықшылығы мен кемшілігін өз тәжірибесі арқылы білуі керек. Үшін­шіден, балаларды мұндай техноло­гия­ларды саналы түрде пайдалануға үйретіп, жаңаша ойлау қабі­летін дамыту қажет», – деп атап көрсетті Б.Жұмағұлов. Осы ор­айда кез келген адамды министрдің өзі компьютерді қаншалықты білетіні ойлан­дыруы мүмкін. Біз оны білмейміз. Алайда басқа ше­неуніктер сияқты оның қолында план­шеттің жүргенін бірде-бір рет көрген емеспіз.
Бәлкім, педагог мамандардың ақ­парат­тық-технологиялық дайындығын бі­лім саласындағы тағы бір тексеріс құралы анықтай алады. Оның аты – мамандарды тәуелсіз сертификаттау. Бұл жұмыс кәсіби стандарттардың негізінде жүргізілмек. Министрдің ойынша, ұстаздардың кәсіби деңгейін анықтайтын аталған тексерісті жас мамандармен қатар, қатардағы мұ­ғалімдер арасында да өткізіп тұру қажет. Себебі 12 жылдық білім беру жүйесіне көшкен кезде білімнің мазмұны түбегейлі өзгереді. Б.Жұмағұлов осы «білім маз­мұнына» қатысты маңызды бір мәселені ортаға салды. Оның айтуынша, жақында мектеп оқушыларының біліміне жүргізіл­ген ұлттық мониторинг біраз кемшіліктерді анықтады. Сөйтсек, бүгінде мектеп шәкірт­терінің талқылау, салыстыру, қорытынды жасау және дәлелдеу қабілеттері төмен болып тұр. Себебі оқыту барысында тек білім беру тәсіліне ғана негізгі басымдық беріледі. Ал ол білімді іс жүзінде пайдалану негіздері үйретілмейді. Былайша айт­қанда, біз білім береміз, бірақ оны қалай­ша қолдану қажеттігін көрсетпейміз. Би­ыл­ғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің логи­калық тапсырмалары да аталған кемші­ліктің бар екендігін анықтады. Министрдің сөзіне қарағанда, әлемдік тәжірибе негі­зін­де әзірленген жалпыға міндетті білім берудің жаңа мемлекеттік стандарттары осы олқылықтың орнын толтыруы тиіс. 12 жылдық білім беруге көшу үдерісі аясында әзірленген бұл стандарттар алғаш рет пән­дердің мазмұнын емес, оқушылардың прак­тикалық дайындығын шыңдауға мүм­кіндік береді. Айта кеткен жөн, қазір мін­детті мемлекеттік стандарттар баста­уыш, орта және жалпы білім беру болып бө­лініп, бөлек-бөлек заң ретінде әзірленді.

Бүгінде кәсіптік-техникалық оқу орын­дарының білім беру деңгейі мектептен де төмен болып тұр. Оны жоғары оқуға түсе­тін техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің түлектері үшін екі рет өткі­зілген кешенді тестілеудің нәтижелері көр­сетті. Оған қатысқан өткен жылғы мектеп түлектерінің 60 пайызы шекті деңгейден өтсе, колледж бітірушілерінің тек 30 па­йызы ғана қажетті ұпай санын жинап алды. Бұл дегеніміз – кәсіптік-техникалық оқу орындарына қарағанда, мектептің білімі озық болып отыр деген сөз. Соның салдарынан кәсіптік-техникалық білім беру саласы ел экономикасына қажетті мамандарды да даярлай алмай жатыр. «Біз жүргізген зерттеулер көрсеткендей, министрліктің қазіргі жұмысына қара­мастан, бұл жүйе (кәсіптік-техникалық – авт.) отандық экономиканың сұранысын өтей алмауда. Ұзақ жылдар бойы ол жүйе­нің тең жартысы жоғары оқу орындарына жеңілдікпен түсіп кетудің дайындық курс­тары ретінде жұмыс істеп келген. Бүгінгі таңда экономикаға қажетті мамандардың 50 пайызы кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне тиесілі екенін бәріміз жақсы бі­леміз. Бізде болса барлығы жаппай жоға­ры оқу орындарына жүгіргеннен кейін жас­тардың тек 30 пайызы ғана техник маман болып қалды», – дейді Б.Жұма­ғұлов.
Ал жоғары білім беру саласында сапа­сыз оқу орындарын қысқарту жұмысы жал­ғаса береді. «Шыны керек, қазір бұл жұмысқа қарсылық танытатындар бар. Алайда біз бәріміз (педагогтар – авт.) бірі­гіп, осы ісімізді жалғастыруымыз қажет. Әрбір ата-ана сапасыз білім беретін оқу орындар туралы білуі тиіс. Осы орайда университеттердің рейтингісін де халық арасында кеңінен тарату маңызды», – дей­ді Б.Жұмағұлов. Сондай-ақ сырттай білім беру мәселесіне де баса назар аудар­ған жөн. Себебі қазір еліміздегі универси­тет түлектерінің басым бөлігі оқуды сырт­тай бөлімде бітіріп шыққан. Министрлік бұл мәселені де ерекше бақылауда ұстауға мүдделі.




Көрілген: 689    Пікірлер: 0

сейсенбі, 27.08.2013, 14:51

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    20 Қаңтар, 23:18
    Тазалықтың 7 ережесі

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қаңтар
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31