Мұхтар Жәкішев алаяқтардың кесірінен полицияға жүгінді

09 маусым 2022, 09:54

«ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компаниясының экс-президенті Мұхтар Жәкішев Қазақстан халқына арнаған видео үндеуін жариялады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Оrda.kz-ке сілтеме жасап.

– Құрметті достар, кейбір алаяқтар интернетте инвестициялық қор құрып, ол қорды Нұрлан Смағұлов екеуміз құрды деп отыр. Бұл жалған, алаяқтарға сенбеңіз. Мен ешқандай қор құрған жоқпын және болашақта да жоспарлап отырған жоқпын. Сондықтан мұндай жарнаманың бәрі жалған. Құқық қорғау органдарынан осы өтінішімді қарауды сұраймын. Рахмет, достар, алаяқтарға алданып қалмаңыздар және ақша аудармаңыздар. Абай болыңыздар!, – деді Мұхтар Жәкішев.

 

 

Еске салсақ, 2020 жылы 3 наурызда Семей қаласының қылмыстық соты «ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырды. Ол бас бостандығынан айыру орындарында 11 жыл болды.

 

2009 жылдан бастап Жәкішев пен оның жақтастары сыбайлас жемқорлық айыптары бойынша 14 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

 

Кейбір қазақстандық құқық қорғаушылардың пікірінше, Жәкішев 2009 жылы Қазақстаннан кеткен бұрынғы банкир және қазақстандық биліктің сынаушы Мұхтар Әбіләзовпен достық қарым-қатынасы үшін қылмыстық қудалауға ұшырады.