"Науқастар ашулы еді, қорқынышты болды": Алматы ауруханаларының бірінде бір күнде 145 ота жасалған

18 қаңтар 2022, 11:18

Алматы Орталық қалалық клиникалық ауруханасының дәрігерлері 5 қаңтар күні 145 ота жасаған. Дәл сол күні қалада жаппай тәртіпсіздіктер болып жатқан еді, деп хабарлайды КТК арнасы.

"Сол күні (5 қаңтар) 190-нан аса адам түрлі жарақаттармен түсті. Науқастардың көпшлігі ауыр бас және кеуде жарақаттарын алған. Алайда біздің қолымыздан келді. Барлық қызметкерлер өз көмектері керек болатынын түсініп, жұмысқа шықты", - деді ауруханадағылар. 

Дәрігерлердің айтуларынша, 5 қаңтарда 9 кезекші бригада тәулік бойы жұмыс істеген. 


"Шұғыл ота қабылдау бөлімінде 6-7 бригада жұмыс істеді. Бірінен кейін бірі ота жасап жатты. Сол күні барлығы 145 ота жасалған. Соңғы рет ұшақ апатқа ұшырағанда дәл осылай науқастар көп болған еді. Алайда сол күнмен салыстырғанда, барлығымызда қорқыныш болды. Атыс дауыстары естілді. Ашулы науқастар мен оларды жетектегендер де болды", - қабылдау бөлімінің меңгерушісі Дәулет Шүкманов. 

Ортопедия бөлімінің меңгерушісі Қанат Тәуекеловтың сөзінше, 5 қаңтарда әріптестерімен бірге 12 ота жасаған. 

"Сырттан бекіту аппараты, Илизаров аппаратын сынған сүйектерге бекіттік. Көп науқастарда атипиялық зақымданулар, сүйек ұлпасындағы ақаулар болды. Жұмсақ ұлпалар ластанғандықтан, жараға хирургиялық тазарту жүргіздік", - деді Тәуекелов. 

5 қаңтар күні демалыста болған барлық қызметкерлер жұмысқа шақырылған. 

Айта кетейік, Алматыдағы тәртіпсіздіктерден кейін 2 600 адамның ұсталғаны туралы хабарлаған едік.