Назарбаевтар отбасын қорғайтын заңның күшін кім жоя алады – министр жауабы

20 ақпан 2022, 11:32

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасына қатысты тергеу жүргізуге болады. Бұл туралы әділет министрі Қанат Мусин БАҚ өкілдерімен кездесу барысында мәлімдеді.

 

Оның айтуынша, Тұңғыш президент туралы заң Елбасы мен оның отбасын тергеуден емес, қылмыстық жауапкершіліктен қорғайды.

 

"Заң тергеуден емес, қылмыстық жазадан қорғайды. Тергеуден ешкім қорғалмаған. Мен заңда қалай жазылса, дәл солай айтып тұрмын. Ол жерде қылмыстық жауапкершілікке тартуға болмайтыны жайлы айтылған, бірақ қылмыстарды тергеу туралы бір ауыз сөз жоқ", - деді Мусин журналистердің сұрағына жауап беріп.

 

Министр Қазақстанда заң шығару бастамасына мәжіліс, президент және үкімет ие екенін, сондықтан тек олар ғана Тұңғыш президент туралы заңды алып тастауды ұсына алатынын атап өтті.

 

Мусин бұл заңның күшін жою мәселесі – заң тұрғысынан да, моральдық тұрғыдан да күрделі екенін айтты.

 

"Заңды оны қабылдаған парламент қана алып тастайды. Яғни, парламент мұндай заң күшін жоюға тиіс деген шешім қабылдай алады",- деп нақтылады ол.

 

 

 

sputnik.kz