Нұр-Сұлтанда Сәбит Шонтақбаев құтқарып қалған қыздың анасы оған алғыс айтты

13 мамыр 2022, 13:08

Елорда тұрғыны Сәбит Шонтақбаевқа қызының өмірін құтқарғаны үшін алғыс айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Алматы телеарнасына сілтеме жасап. 

Сәбит Шонтақбаевтың айтуынша, оқиғадан кейін қыздың анасы оған қоңырау шалып, алғыс білдірген. Сонымен қатар оған басқа да қазақстандықтар алғыс сөздерін жаудырған. Телефоны дамыл таппайтын көрінеді. 

Кішкентай қыз 8-қабаттың сыртында 20 минут бойы ілініп тұрған. Жігіттің айтуынша, пәтерде есігін ешкім ашпаған. Оған қызды құтқару үшін бір қабат төмен түсіп, көршілерінің үйі арқылы кіруге тура келген. Ер адам өз күшіне сенгенін айтады. Сондықтан ол тіпті өз өміріне қауіп төнетінін де ойламапты. 

"Оқиғадан кейін қыздың анасы маған қоңырау шалды. Ол маған алғысын айтты. Белгілі болғандай, оқиғадан кейін әйел өзін нашар сезініп, жедел-жәрдеммен ауруханаға жеткізілген екен. Ол маған сол жақтан қоңырау шалды. Бірақ онымен жеке кездескен жоқпын", – деді қала тұрғыны Сәбит Шонтақбаев.

Осы оқиғадан кейін ер адамның өмірі күрт өзгерді. Сәбит Шонтақбаев батырлық танытқан іс-әрекетін барлығы атап өтіп, тіпті шетелдік БАҚ-тарда айтылды. Ол "Ерлігі мен батырлығы үшін" төсбелгісімен марапатталды. Мамандығы бойынша жұмыс ұсынылып, елордада үш бөлмелі пәтер тарту етілді. Енді ер адам өз отбасын Қызылордадан көшіріп алмақ. Сәбит жұбайымен бірге төрт бала тәрбиелеп отыр. Олар тұрғын үйді жалға алып тұратын көрінеді. 
Сонымен қатар қызды құтқаруға атсалысқан досы Сағи Жылқышиевке де екі бөлмелі пәтер берілді. Ер адам  Сәбитпен бірге нәрестені құтқару үшін қолдан келгеннің бәрін жасағанын айтады. 

"Біз терезені сындыруға тырыстық, бірақ нәтиже шықпады. Бұдан соң Сабит жоғары көтерілді. Мен баланы құтқарған сәтінде оның аяғынан ұстап тұрдым. Содан кейін ол маған қызды берді. Біз бүлдіршінді көршілеріне табыстадық", – дейді Сағи Жылқышиев.

Құтқарылған қыз небәрі үш жаста. Үйде жалғыз қалған. Тәртіп сақшылары баланың анасымен профилактикалық әңгіме жүргізді. Елордалық полиция департаментінің хабарлауынша, жыл басынан бері биік ғимараттардың терезелерінен балалардың құлау жағдайы 9 рет тіркелген. Бақытымызға орай, олардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Сондықтан тәртіп сақшылары ата-аналарды қырағы болуға шақырады.