Оқушысымен жыныстық қатынасқа түскен педагогке қатысты сот отырысы басталды

24 қыркүйек 2022, 10:48

Сарыағаш ауданында мектеп қабырғасында оқушысымен жыныстық қатынасқа түскен мұғалім ісі бойынша алғашқы сот отырысы өтті, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.

Бұл іс Түркістан облысы қылмыстық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Көптің жағасын ұстатқан оқиғадан соң мектеп директоры жұмысынан босатылған. 

 

9-сынып оқушысымен интимдік қатынас орнатты деген күдікпен үстінен іс қозғалған педагогқа Қылмыстық кодекстің 122-бабының 3-бөлігі, 1- тармағымен (16 жасқа толмаған адаммен бірнеше рет жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекет жасау) айып тағылып отыр.

 

Қылмыстық кодекстің 122-бабы 3-бөлігі 1-тармағы бойынша белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 12 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қаралған.

 

Іс материалдары сотқа 16 қыркүйек күні келіп түсіп, 19-ына өндіріске қабылданған. Сөйтіп, судья Дәурен Мадалиевтің өндірісіне автоматты түрде бөлінген.

 

Бүгін, 23 қыркүйекте облыстық сотта алдын ала тыңдау өтті. Тараптарға іс материалдары таныстырылды. Келесі сот отырысы қай күнге белгіленгені әзірге белгісіз.

 

Айта кетейік, информатика пәнінің мұғалімі 9-сынып оқушысымен жыныстық қатынасқа түсті деген кезде жасөспірім қыз 15-те болған.