Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өткен жылдың желтоқсан айында «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында өңірлік қауіпсіздік үшін еліміздің өз жауапкершілігін сезінуі және Орталық Азияны тұрақтандыруға өз үлесімізді қосу туралы ерекше атап көрсеткен болатын.
Еуразия кеңістігіндегі маңызды геосаяси орналасуының және ең бастысы – Елбасымыздың жүргізіп отырған салиқалы сыртқы саясатының, сондай-ақ ішкі саяси тұрақтылығы мен берік әлеуметтік-экономикалық дамуының арқасында Қазақстанға Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін тарих сахнасында жаңа пайда болған Орталық Азия тәрізді күрделі де қарама-қайшылығы мол өңірдің болашағы үшін үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғаны заңды құбылыс.
Егемен еліміздің жаңа тарихына көз жүгіртсек, өткен XX ғасырдың соңы Қазақстан үшін айтарлықтай үлкен сынақ болғаны белгілі. Бұрынғы кеңестік империяның түкпір-түкпірінде толассыз ұлтаралық шиеленістер болып, ал бізге көрші Тәжікстанда бірнеше жылға созылған азамат соғысы етек алды. Осындай қиын-қыстау жағдайда кейбір шетелдік сәуегейлер көпұлтты Қазақстан югославиялық сценарий бойынша ыдырайды деген болжам жасаған болатын. Алайда басымызға түскен осындай қиындықтарға қарамастан, Тәуелсіз Қазақ елінде мекен еткен түрлі ұлттардың өзара татулығының және Елбасымыздың көрегендік саясатының арқасында қысқа мерзімнің ішінде үш маңызды міндетке қол жеткізілді: мемлекеттілігіміздің берік іргетасы қаланды, нарық экономикасына көштік және жаңа демократиялық саяси жүйе қалыптасты.
Орталық Азия өңірінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қалыптастыру көпдеңгейлі және жан-жақты саланы қамтиды. Бұл жерде ең алдымен өңір елдерінің екіжақты және көпжақты негіздегі экономикалық ынтымақтастығы маңызды орын алатыны сөзсіз. Өйткені бұл саланың оңтайлы дамуы өңір елдерінің әлеуметтік-экономикалық түйткілдерін шешуге септігін тигізеді.
Мысал үшін, бүкіл Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігі үшін көрші Қырғыз Республикасында 2010 жылы орын алған саяси дағдарыс үлкен сабақ болғаны белгілі. Бұл оқиғалар халықтың тұрмыстық деңгейін көтеру үшін қажетті әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүргізудің қаншалықты өзекті екенін аңғартты. Қазақстан басшылығының өзге әріптес елдермен бірлесе атқарған үйлесімді қадамдарының арқасында бауырлас Қырғызстанда саяси дағдарысты құқықтық жолмен шешуге мүмкіндік жасалды. Атап айтқанда, сол кезеңде Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) төрағасы болған Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мәмілегерлігі арқасында қырғыз басшылығы мен оппозициясы ымыраға келіп, экс-президент Қ.Бакиевтің биліктен бейбіт түрде өз еркімен кетуіне кепілдік жасалды.
2010-2011 жылдары біздің тарапымыздан Қырғыз еліне едәуір гуманитарлық көмек көрсетілді және өтеусіз негізде әскери техника мен қару-жарақ берілді. Жарғылық капиталы 101 миллион долларды (оның 100 миллион доллары – Қазақстанның үлесінде) қамтитын бірлескен Қазақ-қырғыз инвестициялық қоры Қырғызстан аумағында жүзеге асырылатын экономикалық жобаларды қарастыруда.
Жалпы алғанда, бүгінгі таңда Қазақстан көрші Қырғыз Республикасының ең басты сыртқы сауда әріптесі және инвесторы болып табылады. Осы кезге дейін Қазақстан Қырғызстан экономикасына 1 миллиард доллар көлемінде инвестиция құйса, 2012 жылдың көрсеткіші бойынша, Қырғызстанның жалпы сыртқы саудасында біздің еліміздің үлес салмағы 10,7 пайызды құрап отыр. Қырғызстан аумағында қазақстандық капиталдың қатысуымен 30 шақты ірі және 300-ге жуық орта және шағын кәсіпорын жұмыс істейді.
Қазақстан Республикасы, сондай-ақ Орталық Азиядағы тағы бір әріптесіміз – Тәжікстан Республикасына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Сонымен қатар екі ел арасында құрылған Тікелей инвестициялар қоры жұмыс істеуде. Қордың капиталы 80 миллион долларды құрайды (ҚР үлесі – 80 пайыз). Тәжікстанның сыртқы саудасында Қазақстан Ресейден кейін екінші орында тұр. Ел аумағындағы 40-тан астам бірлескен кәсіпорынның 15-і қазақстандық іскерлердің инвестициялары есебінде жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін тәжік экономикасына 125 миллион доллар көлемінде қазақстандық инвестиция тартылған.
Географиялық жақындық тұрғысынан алғанда Орталық Азияның қауіпсіздігіне тікелей ықпалы болатынын ескере отырып, Қазақстан көршілес Ауғанстанды өңірдегі интеграциялық үдерістерге барынша тартуға тырысуда. Бұл жағдай әсіресе 2014 жылы аталған елден халықаралық коалициялық күштердің кетуі күтілген ахуалда ерекше мәнге ие болмақ. Осы орайда 26 сәуірде Алматыда Стамбул үдерісі аясында өткен кезекті Министрлік конференциясында қабылданған шешімдер өте маңызды болды.
Қазақстан ауған еліне техникалық және гуманитарлық көмек беруді жалғастыруда, атап айтқанда, жыл сайын дерлік азық-түлік, жанар-жағармай және құрал-жабдықтар жөнелтуде. Республикамыздың есебінен Кундуз – Толукан тас жолы салынды, Саманган провинциясындағы аурухана мен мектептің құрылысы аяқталды.
Өңіріміздің тұрақты және қауіпсіз дамуына жуық арада құрылғалы отырған KazAID дамуға ресми көмек және техникалық жәрдем көрсету жөніндегі ұлттық агенттігі де өзіндік үлесін қосатыны сөзсіз. Бұл агенттік көрші елдерде дамуға ресми көмек көрсету саласында түрлі жобаларды жүзеге асырумен айналысатын болады. Осы орайда, бұл бағыттағы ұлттық саясатымызды дамыту мақсатында ҚР Президентінің биылғы 9 сәуірдегі Жарлығымен Қазақстан Республикасының Дамуға ресми көмек көрсету саласындағы тұжырымдамасы бекітілді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтеріне жүгінсек, 2006-2012 жылдар аралығында Қазақстанның шет мемлекеттерге көрсеткен 56 миллион доллар көлеміндегі ізгілік көмегінің басым бөлігі (30 миллион доллардан астамы) Орталық Азияға жіберілген. Яғни бұл көрсеткішке сәйкес, өңірде ізгілік көрсету көлемі бойынша Қазақстан (РФ, АҚШ және Еуроодақтан кейін) төртінші орында тұр.
Қазақстанның Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастығында көлік-транзит әлеуетін дамыту мен энергетикалық нарықты қалыптастыру мәселесіне жіті көңіл бөлінуде. Бұл ретте, мәселен, 2009 жылдан бері жұмыс істей бастаған «Түрікменстан – Өзбекстан – Қазақстан – Қытай» газ құбырын атап өтуге болады. Сонымен қатар мамыр айының ішінде Қазақстан мен Түрікменстан Президенттерінің қатысуымен «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» теміржол магистралінің Қазақстан – Түрікменстан бөлігінің салтанатты ашылуы болады. 2015 жылы іске қосылуы жоспарланған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» құрлықаралық автокөлік дәлізі де өңір елдерінің әлемдік нарықтарға шығуына едәуір септігін тигізері сөзсіз.
Қазақстанның Орталық Азия елдерімен қарым-қатынастарында білім және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық саласының орны бөлек. Нақтылап айтатын болсақ, Елбасының тапсырмасымен, 2010 жылдан бастап еліміздің жоғары оқу орындарында 1 000-дай ауған жастарын оқыту бағдарламасы жалғастырылуда.
Жыл сайынғы негізде елімізде білім алуға тәжік азаматтарына 100 мемлекеттік грант бөлінуде. Сондай-ақ Тәжікстаннан 76 курсант ҚР ҰҚК Шекара әскерлері академиясында, ал 40 курсант ҚР ІІМ әскери институтында білім алуда.
Қазақстан Президентінің өткен жылы тамыз айындағы Бішкекке мемлекеттік сапары барысында Қырғызстанда жалпы білім беретін әрқайсысы 500 орындық екі мектеп салу жөнінде шешім қабылданды.
Өңірлік қауіпсіздікті сақтау ісінде Орталық Азияда ядросыз аймақты қалыптастыру бастамасы аса маңызды болды. Бұл бастаманың нақты жүзеге асуына 1997 жылғы ақпанда Алматыда өткізілген Орталық Азия басшыларының саммиті ерекше серпін берді.
Назар аударатын жайт – Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы келісімшартқа 2006 жылғы 8 қыркүйекте Семей қаласында қол қойылды. Бұл оқиға Елбасымыздың Жарлығымен Семей ядролық полигонын жауып, әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің белді бастамашыларының бірі болып табылатын Қазақстан Республикасы үшін үлкен тарихи мәнге ие болды.
Орталық Азияда қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ісінде Қазақстан өңір елдері мүше болып табылатын халықаралық бірлестіктер мен форумдардың мүмкіндіктерін барынша пайдалануға тырысуда.
Қорыта келгенде, Елбасымыздың биылғы 18 қаңтарда Қазақстанда тіркелген шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің басшыларын қабылдау кезінде атап өткеніндей, біздің сыртқы саясатымызда Орталық Азиядағы көршілеріміз экономикалық ықпалдасу мен қолдауымыздың басты нысанасы болып қала бермек. Бұл – өте терең мағыналы тұжырым. Өйткені бір геосаяси мекенде орналасқандықтан, біздің көршіліс және бауырлас Орталық Азия мемлекеттерімен тамырымыз да, тағдырымыз да бір, алдымызда тұрған міндеттеріміз бен қатерлеріміз де ортақ. Сайып келгенде, көршілеріміздің саяси тұрақтылығы мен экономикалық жағдайы біздің еліміздің ішкі ахуалына да әсер ететіні сөзсіз.
Ержан МҰҚАШ, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығы меңгерушісінің орынбасары
Орталық Азиядағы экономикалық ықпалдастық – сыртқы саясаттың басты бағдары
04 мамыр 2013, 13:02
