Отставкадағы полковник ұшақ апатының себебін айтты

15 наурыз 2021, 08:46

Оның айтуынша, ұшақ апатына адами фактор немесе ауа райының қолайсыздығы әсер етеді. Қызметтік комиссия тергеу жүргізген кезде әдетте осы нұсқаларды зерттей келе шешім шығарады, – деп хабарлайды Almaty.tv.

«Бізде ұзақ уақыт пайдалануда жүрген ұшақтар жиі кездеседі. Олар ара-тұра күрделі жөндеуден өтеді. Әуе кемесінің апатқа неден ұшырағанын анықтау барысында ұшаққа күрделі жөндеу қалай жүргізілді?.. Пайдалану мерзімі дұрыс қадағаланды ма деген секілді жайттарды ескеру қажет. Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты авиациялық техника паркінде АН-26 ұшақтары, тікұшақтар бар. Парк үлкен емес, олар негізінен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне кіретін шекара қызметімен байланысты жұмыс жүргізеді», – деді ҰҚК отставкадағы полковнигі Арат Нарманбетов.

Оның айтуынша, әскери ұшақтар бәріне дайын, техникалық жағынан сақадай-сай болу керек. Онда әскери тәртіп бар, техникалық жағынан бақылау күшейтілген.

Негізінен АН-26 ұшағында 40-50 орындық болады. Ол қатты алысқа ұшуға арналмаған. Әскери қажеттіліктер үшін, жеке құрамды, қатты ауыр емес техникаларды тасымалдауға ыңғайлы.

«Менің ойымша әскери ұшақ апаттарының жиі орын алуы – ең бірінші кезекте қызметіне қатысты. Олар шұғыл түрде қандай да бір операция орындау керек болады. Тіпті ауа райының қолайсыздығына қарамайды, басын ұдайы қауіп-қатерге тігеді. Сол себепті де болатын шығар», – деді ҚР ҰҚК отставкадағы полковнігі Арат Нарманбетов.

Бұған дейін Алматыда әскери ұшақ апатқа ұшырап, төрт адам қайтыс болғанын хабарлаған болатынбыз.

aikyn.kz