Ойын бизнесін мүлде жауып тыну керек пе еді?
Өткен сәрсенбі күні Мәжіліс депутаттары ойын бизнесіне қатысты өзгерістер енгізілген заң жобасын мақұлдаған болатын. Оған сәйкес, көпқабатты тұрғын-үйлердің бірінші қабатында орналасқан букмекерлік кеңселерді ашуға тыйым салынбақ. Демек, тұрғын үйлерге жапсарлас қоныстанған ондай ойын-сауық ошақтарының барлығы жабылады. Байқап қарасақ, осы жұмыстың нәтижесінде жалғыз ғана монополист қалатын сияқты.
Монополист жоқ демеңіз, әсіресе ойын бизнесі саласында. Өйткені, мұнда қыруар қаражат айналымы бар. Осыған көз жеткізу үшін Алаш айнасының тілшісі елорданың көшелерімен бір жүріп өтіп, сол монополистің кім екенін бірден түсінгендей болды. Иә, ол – «Олимп». Осыдан жеті жыл бұрын барлық казиноларды Щучинск пен Қапшағайға қотарған кезде «Олимп» алғашқылардың бірі болып ойынқұмар қазақстандықтарға өз қызметтерінің шетін шығарып, ұсына бастады. Бүгінде республика бойынша оның 300-ден астам кеңсесі бар. Соның басым бөлігі Алматы, Астана мен Шымкент қалаларында орналасқан. Осы орайда айта кетер жәйт, Олимптың басшылығы қазіргі өзгерістерді болжаған болуы керек, букмекерлік кеңселердің көбісі дәмхана мен мейрамханаларда, яғни тұрғын үйге жатпайтын ғимараттардың жанынан ашылған. Ал көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабатында ашылған кеңселері некен-саяқ.
Әрине, елімізде Гол+пас, FairPlay, Zenit, LeonBets, Profit сияқты басқа да букмекерлік кеңселер бар. Бірақ олардың барлығын қосып алсаңыз да Олимптың қаптаған кеңселерінің санына жеткізе алмаймыз. Олардың да дәмхана мен мейрамхана жанындағы кеңселері бар. Алайда көбісі көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабатында орналасқан. Демек, Парламент Мәжілісі мақұлдаған заң жобасы алдағы уақытта қабылданса, Олимп ұсақ-тиек кеңселерін жабады, ал соның ішінде оған бәсекелес кеңселердің саны әжептәуір азайып қалады.
Негізі, бүгінде букмекерлік бизнестің арасында бәсеке жоқ сияқты. Олар өз арасында бәрін бөліп алғанға ұқсайды. Мәселен, Гол+пас атты букмекерлік кеңсе ТМД-ның көшбасшысы болып саналады. Бүгінде ол Ресей, Украина мен Молдова нарығын бақылап отыр. Олимп ол жаққа көп бас сұға бермей, Қазақстанның букмекерлік бизнесін барынша өз қолында ұстап тұруға тырысып жатыр.
Сарапшылардың айтуынша, жастардың букмекерлік кеңселерге деген құмарлығын анықтайтын бірнеше жәйт бар. Ол - тек көпқабатты тұрғын үйлерден алыс орналасуы ғана емес, сондай-ақ «ставкалардың» да жоғары болуы. Ал біздегі «ставкаларды» ғаламтор арқылы 200 теңгеден бастап қоюға болатынын ескерсек, ондай ойындарға студент жастармен бірге мектеп оқушылары да қатыса алады. Сондықтан депутаттар жастардың букмекерлік ойындарға деген құмарлығын азайтамыз десе, алдымен ойын «ставкаларын» барынша көтеруі керек-ақ. Сосын осындай ойын-сауық бизнесін көпқабатты тұрғын үйлерден шығармай-ақ, мүлдем жауып тастауға әбден болатын да еді. Себебі бүгінде «ставкаларды» ғаламтор арқылы қою тәжірибесі кеңінен тараған. Ендеше, қолжетімділік қашанда бар деген сөз...
Автор: Арман Асқар
Жұлдыз
Радиосы