Полицейлер вакциналау паспортын сататын дәрігерлер қандай қулық жасайтынын анықтады

17 шілде 2021, 13:15

Алматы полициясы жалған вакциналау паспортын жасаған 4 емхананың дәрігерлеріне қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Алматының тәртіп сақшылары жалған вакциналау паспортын қандай медициналық мекемелер жасағанын айтты, деп хабарлады Polisia.kz.

Полиция "ZOOM" бейнеплатформасы арқылы медициналық мекемелердің арнайы жиналысына қатысты.

"Тұрақты негізде интернет-ресурстарға және бұқаралық ақпарат құралдарына мониторинг жүргізіліп келеді, медициналық анықтамаларды қолдан жасау фактілерін анықтау бойынша жедел шаралар қабылданып жатыр", – деді қалалық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Алмасбеков.
Ол жақында азаматтарды Сауд Арабиясы Корольдігіне жіберу үшін 140-тан астам жалған вакциналау паспортын жасаумен айналысқан туристік компания анықталғанын еске салды. Сонымен қатар тергеу сатысында №21, №4, №16 және №13 қалалық емханалардың жалпы тәжірибелік дәрігерлеріне қатысты қылмыстық істер қаралып жатыр. 

"Олар кірген азаматтарға вакцинаны салмай-ақ, дозаның бірінші компонентін қабылдағаны туралы жалған деректерді базаға енгізген немесе вакциналау бөлмесінде бейнебақылау камерасы болса, олар вакцинаны алғандай етіп көрсетіп, екпе "салынған" орынды пластырмен жабыстырған. Бұл қызметтердің барлығына ақша ұсынылғаны анық", – деп толықтырды Алмасбеков.

Сонымен қатар спикер жалған құжат жасағандар 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылатынын, ал оны қолданғандар 40 тәулікке қамауға алынатынын ескертті.