Полиция әйелге 2,5 млн теңге алиментті өндіріп алуға көмектесті

16 наурыз 2021, 17:18

Солтүстік Қазақстан облысында екі баланың анасы полицейлердің көмегімен бұрынғы күйеуінің алимент бойынша бірнеше жылғы берешегі - 2,5 млн теңге алиментті өндіріп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ведомство басшысы Марат Төлебаевтың атына 8 бен 10 жастағы балалардың анасы, Петропавл тұрғынынан алғыс хат келіп түсті.

 

Бұрынғы күйеуі оған 2,5 млн теңге алимент төлеуден жалтарған. Әйел берешекті қайтару үшін әрекет еткенімен онысынан түк шықпаған. Екі баланың анасына Петропавл қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Гүлмира Сағитова көмекке келді.

 

Қоңырау шалған әйелден мәселенің мән-жайына қаныққан полиция майоры осы жағдай бойынша өтінішпен Екінші полиция бөліміне жүгіну қажеттігін түсіндірген.

 

Нәтижесінде ҚР Қылмыстық кодексінің «Балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтару» бабы бойынша қылмыстық өндіріс қозғалды. Полицейлер жауапсыз әкенің жұмыс орнынан табысы туралы анықтама алды.

 

Ер адамды іздеп тауып, оған қылмыстық жауапкершілік жайлы түсіндірді. Медиация бойынша тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық өндіріс тоқтатылды.

 

Жалғызілікті ана алимент алып, балаларының керек-жарағына жұмсады.

 

«Өз хатында әйел онымен жеке жұмыс істеген Гүлмира Сағитова мен анықтау қызметкерлері - Ербол Қамитов пен Санжар Атажанды атай отыра, Екінші ПБ барлық ұжымына алғыс білдірді. Аталған жағдай - халықпен тиімді жұмыс істеудің және медиация құралдарын пайдаланудың жарқын үлгісі. Қызметкерлер өз міндеттерін атқарды, ал ризашылық оларға одан әрі қызмет етуге серпін берері сөзсіз», - дейді СҚО ПД бастығы Марат Төлебаев.