Полиция Қазақстанда көліктерге неге "Z" белгісін жапсыруға болмайтынын түсіндірді

06 наурыз 2022, 19:56

"Z" және "V" белгілерін көлігіне жапсырған қазақстандық жүргізушілер полиция учаскесіне жеткізілуі мүмкін, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Отырар" басылымының ақпаратынша, Шымкентте жүргізушіге 5 АЕК (15 315 теңге) айыппұл салынған. Ол "Z" белгісін автокөлігінің артқы әйнегіне жапсырып алыпты. Ал бұл "Көлікті пайдалану ережелерін бұзу" 590-бабы 5-тармағына қайшы келеді. Бұл бап бойынша бекітілген талаптарға сай келмейтін көлікті жүргізуге болмайды.

Атап айтқанда, жүргізуші орнынан жолды көру мүмкіндігін шектейтін қосымша заттарды көлікке орнатуға тыйым салынады.

Бұған дейін БАҚ "Z" жапсырмасы бар автокөліктер Орал мен Алматыда байқалғанын хабарлаған еді. Алайда жергілікті жүргізушілерге айыппұл салынғаны туралы ештеңе айтылмады.

Батыс Қазақстан облысының полициясы "Уральская неделя" басылымына хабарлағандай, "Z" және "V" латын әріптері жапсырылған көліктер табылған жағдайда, жүргізушілер мән-жайды анықтау үшін полиция басқармасына жеткізіледі.

Мұндай жүргізушілерді тоқтату сәті видеоға жазылады.

айта кетсек, ресейлік автокөлік иелері Украинада әскери операция басталғаннан кейін өз көлігіне "Z" белгісін жапсыра бастаған.

Дәл осындай белгі операцияға қатысып жатқан Ресейдің әскери техникаларында да бар. Кейінірек Ресейдің қорғаныс министрлігі бұл әріптердің мағынасын түсіндірді: "Z" – "Жеңіс үшін", V - "Күшіміз шындықта", "Міндет орындалады".