Мәселе

Полиция оқушылардың істемеген қылмысын күштеп мойындатқан

  • https://www.ktk.kz/

    https://www.ktk.kz/

Алматы облысында балаларымыз полициядан таяқ жеді деген ата-аналар бөлімшенің алдында шу шығарды. Айтуларынша, тергеушілер «темір ұрлады» деп үш оқушыны ұрып соққан. Содан түн ортасына дейін сұрақ-жауаптың астына алып, істемеген қылмысын күштеп мойындатыпты.

 

Дегенмен кәмелетке толмаған балаларды қылмыскерлердей тергеді делінген Шелек полиция бөлімінің сақшылары «саусағымыздың ұшын да тигізбедік» деп азар-безер болды. Керісінше, кейінгі кезде ауылда жиілеп кеткен темір ұрлығына қатысты үлкен қылмыстың бетін аштық деп отыр.        

 

Айдос, Ерасыл, Әлімжан – 6,7,8 сынып оқушылары. Онлайн оқып жүрген балалар ойда-жоқта темір ұрлығына қатысты басты күдіктілер боп шықты.

 

Ата-аналардың айтуынша, тергеушілер оқушыларды әй-шайға қарамай, үйінде тамақ ішіп отырған жерінен бөлімшеге басып алып кетіпті. Содан кәнігі қылмыскерлер ұқсап тергеп, ұрып-соққан дейді.  

 

Мейрамқыз Нәбиева:

 

- Біреуі ұстап тұрған, шаштан тепкен, біреусі кеңірдектен ұрған. Қалғаны тіз қатар отырған. Опер Ерлан дейді, ол деген жаман сөзбен балағаттаған. Жоқ деп алдады ғой басында, мен барғанда. Мұнда әкелген жоқ балаңды, мен айқайлап телефонға түсіргеннен кейін барып, көк футболка киген бастығы, екінші орынбасары жүгіріп шығып, қолымды қайырып, камера жоқ залға алып шығып, сүйреп мені, телефонымды тартып алып, видеоны өшіріп тастады.

 

Алтай Нұрымжан 14 жастағы баласын полиция алып кеткенін жұмыста жүріп бір-ақ біліпті. Содан бірден бөлімшеге барған. Алайда «тергеп жатырмыз» деп есігіне де жуытпапты.

 

Айтуынша, полицейлер оқушыларды кешкі сағат бестен түнгі 11-ге дейін ұстап, бір емес, бірнеше ұрлықты мойындатқан.    

 

- «Мейлі, темір ұрламасаң тауық ұрладым деп мойында» депті. Ол балалар мен ұрламағанды қалай мойындаймын деген. Одан кейін екі баланы алып келіпті де, люк жоғалды деген. Олай болса, люкті мойындаңдар депті. Адвокаттарға бар десек, адвокаттар «ой, не қыласыңдар» деді, біреуінен сұрасақ, мен ол жерде 30 жыл істегем дейді. Мұндай жағдай Шелекте бірінші рет емес, бірталай жыл боп жатыр. Талай көз жұмылып жатыр. Ата-аналар балалары үшін қорқады. Керек, сұрағанын бере салады.

 

Бірақ тәртіп сақшылары ата-аналардың сөзін теріске шығарды.

 

«Балаларға саусағымыздың ұшын да тигізбедік деп ант-су ішкендер қайта үлкен қылмыстың бетін аштық» деп отыр. Бірақ неге екені белгісіз, ол жетістігі туралы жұрттың көзінше емес, жабық есіктің ар жағында айтып беруді жөн көрді.    

 

- Оларды тап сол сәтте ұстап отыр. Біздің опер топ. Олар қашып, қуып жетіп ұстап, үшеуін әкелді.

 

- Бұл балалар жай өтіп бара жатқанбыз деді ғой.

 

- Жоқ, айғақ заттар бәрі жиналып тұр.

 

Тіпті қолма-қол ұсталды деген үш оқушының үстінен қылмыстық іс те қозғап қойған.

 

Жалпы Шелек ауылында соңғы кезде темір ұрлығы жиілеп кеткен екен. Ұрылар тас жолдардың бойында қақпақтан қақпақ қалдырмай, екі күннің бірінде қағып кетіп жатқан көрінеді.

 

Бірақ ата-аналар тұрмақ, әкімдіктегілер де оқушылардың ұрлық-қарлыққа қатысы барына сенбейді.

 

Қанат Егінбаев, Шелек ауыл округі әкімдігі аппаратының бас маманы:

 

- Бұл жайтта әр түрлі жағдай болуы мүмкін. Бірақ енді оқушылар ұрлауы мүмкін емес деп ойламын. Өйткені бұл темірлер ауыр ғой.

 

Ауылда осындай 18 қылмыс тіркелген. Шенеуніктер ұрланған қақпақтарды қабылдаушыларды жазалай алмай отырғандарын айтады.  Өйткені дәлел жоқ. Соған қарағанда оқушылар секілді оларды мойындату оңай болмаса керек.

 

Ал «полиция баламызды ұрып-соқты» деген ата-аналар  сақшылардың үстінен прокуратураға арыз түсірді.   

 

 

 

ktk.kz




Көрілген: 1032    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 26.04.2021, 00:50

Достарыңмен бөліс:



  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30