Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Пойыз билеттерін енді терминалдық автоматтардан алуға болады

20 қаңтар 2011, 12:22

Өркениеттің өркені деген – осы да. Қалтаңызда жалақы алатын карточкаңыз болса, пойыз билеттерін енді касса алдындағы ұзын сонар кезекте тұрмай-ақ, арнайы транзакциялық терминалдардан ала бересіз. Бірақ әзірге мұндай автоматтандырылған транзакциялық терминал-дүңгіршектері Астана, Алматы, Қарағанды және Ақтөбе қалаларының вокзалдарында ғана орналасқан. Кеше Астана вокзалында осы терминалдардың жұмыс істеу жүйесі таныстырылды.
Сонымен, бұл терминалдар бір уақытта төрт жолаушыға дейін толық және балалар тарифтері бойынша билет сатып алуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, шотында жеткілікті қаражаты бар, төлем карточка­ңыз болуы тиіс. Өйткені билет құны сол кар­точ­ка арқылы төленеді. Ал қай стансыдан қайда баратыныңызды, жүретін күніңіз бен кесте бойынша уақытты, сондай-ақ жеке құжатыңыздың мәліметтерін терминал жүйесіне өзіңіз енгізесіз. Бүкіл мәлімет енгізіліп, ақысы төленген соң, билет пен тиісті чегі шығады. Ескеретін нәрсе – егер карточкаңыз «Халық банкіне» тиесілі болса, онда транзакциялық қызмет үшін билет құнының 1-2 пайызы ұсталады, ал басқа банктердің карточкасынан 1-4 пайызға дейін төлемақы алынады.
«Осы уақытқа дейін аталған терминалдар арнайы тексерістен өтіп, бұған дейін болған барлық ақау-кемшіліктері жойылғаннан кейін, жылдың басынан бері төрт терминал Астана қаласының жаңа және ескі вокзал ғимараттарында, сондай-ақ «Қазақстан теміржолы» компаниясының бас кеңсесінде іске қосылып отыр. Енді еліміздің ірі аймақтарында қосымша 10 терминал орнату жоспарлануда», – дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның Стра­тегиялық даму және жаңа технологияларды енгізу жөніндегі атқарушы директоры Асылхан Қалдыкөзов. Оның айтуынша, мұндай терминалдың біреуінің құны бағдарламалық қамтуымен бірге 50 мың АҚШ долларына барабар.
Есте болса, «Қазақстан теміржолы» компаниясы біраз уақыттан бері пойыз билеттерін интернет арқылы сатып алу мүмкіндігін де іске асыра бастаған еді. Мына жаңа терминалдар сол интернет арқылы алынған билеттерді де шығарып бере алады екен. Яғни пойыз билетін интернетпен сатып алған жолаушы әлгі терминалда электронды билеттің 14 таңбалы нөмірін және жеке құжаттың нөмірін терсе болғаны.