Ресейден елге жете алмай жатқан Қазақстан азаматтары үшін «жасыл дәліз» қашан ашылады?

29 қыркүйек 2022, 16:48

Ресей Федерациясында мобилизациядан қашқан ресейліктер Қазақстанға үдере көшті. Шекарада ұзын сонар кезек, көлік кептелісі болып жатыр. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин айтты.

 

Inform.kz-тің жазуынша, шекарадан өтетін Қазақстан азаматтарына көмек көрсетіледі.

 

 «Кеше ғана Ресейдегі вице-премьер әріптесіммен келіссөз жүргіздім. Өйткені шекараның арғы бетінен бері қарай өте алмай тұрған Қазақстан азаматтары да бар. Осы орайда азық-түлік тиелген көліктерге қатысты Ресей жағымен уағдаластық жасалды. Бұл мәселе бойынша тиісті тәртіп енгізілмек, яғни бүгін екі елдің шекара қызметтері өзара келісіп, тиісті әрекеттер жасайды. Сондықтан біздің азаматтар мен азық-түлік тиелген көліктер үшін «жасыл дәлізді» қамтамасыз етуге тырысамыз», – деді Серік Жұманғарин.

 

Оның айтуынша, Қазақстан азаматтарына арналған «жасыл дәліз» бүгін-ертең ашылады.

 

«Ресей Үкіметі өздерінің шекарашыларына тиісті тапсырма берді. Біз де шекара қызметіне осы тәртіп жайында түсіндіреміз. Қазан айына дейін бұл мәселе шешіледі», – деді Серік Жұманғарин.

aikyn.kz