Сақал сәннен қалған күн. Алматылықтар сақалын қырғызу үшін кезекке тұруда

17 қаңтар 2022, 23:43

Жаппай тәртіпсіздіктер Қазақстанның басым бөлігін қамтыған уақытта мемлекет басшысы террористік шабуылдарды шетелде арнайы дайындықтан өткен содырлар тобының ұйымдастырғанын айтқан болатын, деп хабарлайды Экспресс К.

 

Ел арасында кең тараған ұғымға сүйенсек, террористің түр-сипаты — болмысы сұсты, шымыр денелі, ұзын сақалды ер-азамат болып көз алдыға елестейді. Сондай-ақ, соңғы жылдары бұл сипаттауға шолақ шалбардың қосылғанын ұмытпайық. Алматыдағы қантөгістен кейін қорқып қалған бейбіт халықтың көшеде келе жатқан сақалды ер-азаматқа күдіктене қарауы да осыдан болса керек. Бұл жағдайдың ең алдымен сақалды сән үшін қоятын жігіттерге ауыр тигені анық.

 

"8 қаңтар күні дәріханада кезекте тұрғанбыз. Алдымызда 15 адам бар. Бір уақытта ішке сақалдары сала-құлаш екі жігіт кіріп келді. Көшедегі атыстан зәрезап болып қалған жұрт екеуіне тесіле қарады. Жігіттердің бірінің кезектің соңына келіп, екіншісінің шығар есікте қалуы да күдікті күшейте түсті. Есіктегісі мұны сезген болуы керек, сыртқа шығып кетті. Дәріханадағы қалған жұрттың не ойлағанын білмедім, бірақ мен қатты уайымдадым", — дейді қала тұрғындарының бірі.

 

Ол керегін алғаннан кейін дәріханадан жылдам кетіп қалуға тырысқан. Кетіп бара жатып ғимаратқа арнайы жасақ (СОБР) көлігінің келіп тоқтағанын байқайды.

 

Осы күні Алматыда сақалдың сәннен қалғанын қаладағы танымал шаштараздардың қызметшілері де растап отыр. Олардың айтуынша, сән салондарындағы ерлердің кезегі негізінен сақалын қырғызуға келгендерден тұрады екен.

 

 elements.envato.com

"Жалпы алсақ, төтенше жағдай режимі мен жаппай тәртіпсіздіктерден клиенттердің саны күрт азайып кетті. Бұрын сақалын жәй ғана күзеуге келетіндер енді оны мейлінше қысқартып беруді сұрайды. Бұрын сақалдың көлемінің де өз мағынасы бар екенін білмеппіз. Олардың айтуынша, сақалдың ұзын-қысқа, қалың-жұқа болғанына қарап сенің қандай топқа жататыныңды анықтауға болады екен. Бізге келген жігіттердің барлығы дерлік өздерін көшеде полицейлердің жиі тоқтатып, құжаттарын ұзақ тексеретінін айтады. Клиенттеріміздің барлығы жақсы жерде жұмыс істейді. Бірақ қазір сән қуатын заман емес", — дейді шаштараз қызметкері.

 

Бәрі жаппай сақалдарын алдырып жатыр десек жалған айтқан болар едік. Бірақ соңғы бір-екі күнде салонға келген жігіттердің басым бөлігі сақал-мұрттарын толығымен қырғызып кетті. Алматыдағы террактілердің бұған қатысы бар-жоғын нақты айта алмаймын, — дейді сән салонының меңгерушісі.

 

Алматыда қаба сақалдың сәннен қалғанын ЭК тілшісіне берген сұхбаттарында қарапайым тұрғындар да растап отыр. Азаматтардың дені мұны қаладағы террактілермен байланыстырады.

 

Қазір керегі тыныштық, бас аман болса сақал өседі, — дейді бірнеше жыл баптап өсірген сәнді сақалынан бір-ақ күнде айырылған жігіт.

 

Экспресс К бұған дейін Алматы қалалық Полиция департаменті жетекшісінің "қалаға дайындығы мықты арнайы террористік топтың шабуылдағаны" жайлы арнайы брифингте мәлімде жасағаны жайлы жазды.

 

Тәртіпсіздіктің алғашқы күндері қаладағы күштік құрылымдар көшеге шыққан азаматтарға қарсы қару қолданған жоқ. Қаңтардағы қантөгісте Алматыда 149 адам қайтыс болған. Оның 11-і полиция қызметкерлері мен сарбаздар.

 

Қаланың бас прокуроры аталған брифинг кезінде "тәртіп сақшыларының көшеге шыққандарды наразы топ деп есептеп, олардың қаланың бірнеше ауданында қылмыс жасағандарына қарамастан жиналғандарға қарсы қару қолданбағанын" атап өтті.