«Самұрық Қазына» қарызға белшеден батқан, оны құрдымға жіберу қауіпті – экономист пікірі

21 қаңтар 2022, 20:03

Отандық кәсіпкерлермен кездескен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тәуелсіздік жылдары Қазақстан әртарапты экономика құра алмағанын айтты. Тиісінше отандық кәсіпкерлердің жаңа буыны пайда болды әрі елдің байлығы бір қолға шоғырланды. Бұл қоғамдық күйзеліске және елге сенбеуге әкеп соқтырды, деді Мемлекет басшысы.

 
Президент «Самұрық Қазына» әл-ауқат қорының да жұмысын сынға алды. Ол қор тиімсіз, шығыны көп құрылымға айналғанын айтты. Егер Қор басшыларының алдына қойған тапсырма 1 ай ішінде орындалмаса «Самұрық Қазына» келмеске кетеді деп ескертті Мемлекет басшысы.

Бүгінгі отырыста көтерілген мәселелерге байланысты Azattyq Rýhy тілшісі белгілі экономистердің пікірін білуге тырысты.

Расул Рысмамбетов негізгі үш мәселеге тоқталды:

«Самұрық Қазына» қорын бірден құрдымға жіберу қауіпті. Себебі бұл құрылым шетелдік қаржы институттарына белшеден қарыз. Мемлекеттің асығыс шешімі көптеген сотқа шағымдануларды көбейтіп, берешекті жедел қайтару туралы талаптардан аяқ алып жүру мүмкін болмай қалады;
Ұлттық жобаларды дәл қазіргідей шикі күйінде қабылдап, жүзеге асыруға болмайды. Ол қолда бар қаржының рәсуа болуына жол ашады;
Мемлекеттік активтерді басқаруға әділетті, қолы таза адамдарды тағайындауда олардың кәсібилігіне мән беру керек. Бұрынғы қателіктерге бой алдырмас үшін бұл жерде ойланып барып қадам жасау қажет;
«Дәл қазір бастысы – асығыстыққа бармай, бәрін байыппен жасау керек. Ең үлкен қателік осы күнге дейін жіберілген кемшіліктерді тез-тез жоямыз дегеннен шығады. Жүйені бірден өзгерту, саяси бағытты либерализациялау, тәртіпті қатаңдату – халықтың бас көтеруіне әкелуі кәдік.

Себебі халық айтарлықтай кедейленді, тұтыну несиелеріне батты. Осы күнге дейін экономикалық тығырықтан шығу – девальвация жасау арқылы шешіліп келді. Сондықтан қолға алуға болатын алғашқы үш қадам бар, олар: ұлттық жобаларды қайта қарау, мемлекеттік шығындарды мейілінше қысқарту, квазисектордың жұмысын қайтадан саралап шығу», - дейді экономист.

Сарапшы біреудің жеке мүлкін талан-таражға салу немесе күшпен тартып алу жағдайды күрделендіреді деп есептейді. Қазіргі үкімет өз тиімділігін көрсету үшін жекеменшік құқықты бұзбай, заң аясында сауатты әрекеттер жасауы керек. Ал Президент айтып отырған ұлттық жобаларды жүзеге асыруда мемлекеттік шығындарды барынша қысқартып, оны қолға алатын мердігерлерге қатаң талаптар қоя білгені жөн, екенін айтады.

«Мемлекеттік шығындарды азайту дегенде, бюджетті бөлгенде аймақтардың мүмкіндігіне қарап, жобаларды жүзеге асыратыны немесе асыра алмайтынына мән беру керек. Қаражат тиімсіз жұмсалып немесе игерілмей қалатын жағдайларды қатаң бақылау маңызды. Мемлекеттік компаниялардың жұмысына алдағы 5-6 айда сараптама жасап, олардың тиімділігін байқау керек. Қойылған тапсырмаларды орындамаса жабу қажет.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев барлық салада реформалар жүретінін айтты. Мұндай жағдайда ұлттық компанияларды жекешелендіру науқанын уақытша тоқтата тұрған абзал», - дейді Расул Рысмамбетов.

Экономист Денис Кривошеев болса бизнестің бір қолға шоғырлануын қоғам бұрыннан талқылап, тіпті бүгін Президент айтқан мәліметтер БАҚ беттерінде екі-үш жылдан бері жазылып келетінін айтты.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бизнестің бір қолда болуы – мемлекет үшін қауіпті үрдіс екенін айтты. Өз басым мұны соңғы он жылдан бері күттім. «Монополия» ойынындағыдай барлық активтер бір жерге шоғырланғанын айтып жүрдік. Мысалы ірі өнеркәсіп иесіне киім, сұлулық салоны, зергерлік дүңгіршегі не үшін қажет? Әрине бизнестің девирсификациясы болғаны дұрыс, бірақ оның пайдасынан да зиянын көріп отырмыз. Мысалы, бір олигарх қолында қаладағы әуежай, жүк тасымалы компаниялары, шахталар, автотұрақ, банк, мұнай ұңғымасы, асыл тастар сататын дүкендер, киім-кешек базары және жылжымайтын мүлік саласын ұстап отырды. Бұл ашқарақтықты көрген қарапайым халықта бизнеске, соған жол ашып отырған мемлекетке деген жеккөру сезімі болды емес пе?» - дейді сарапшы.
Ооның пікірінше, елде олигополия белең алды. Бизнестің бір қолға шоғырлануынан негізгі салалар аздаған топтың пайда табу құралына айналды. Мұндай нарыққа басқа фирмалардың кіруі әдетте қиын болады. Ал бағаны бақылау олардың бір-біріне тәуелділігі кесірінен шектеледі.

«Біздің жағдайда бұл ерекше серпінмен көрініс берді. Олигополия – бизнесті бір жерде ұстап, капиталды шоғырландыруға талпыну. Бұл мемлекеттің экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік бермеді. Яғни сол бір тұлғаның компаниясы жоғарыда айтқандай өндіреді, өңдейді, сатады, қаржыны банкерінде ары-бері сапырады. Ал айналасындағы өзге кәсіпкерлерге азғантай сүйек-саяқ лақтырып қояды. Президент осы мәселені айтқанда бүгін кездесуде отырған бизнес элита өздерін таныған болар», - дейді экономист.
Айта кетейік, ірі кәсіпкерлермен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев оларды «Қазақстан халқына» қорына ақша аударуға үгіттеді. Президент осылайша халықтың әлеуетін көтермек. Қорға мемқызметкерлер, бюджеттік салада істейтін жұмысшылар қаржы аудармайды.