Мәселе

Сапархан Омаров «Архитекторы будущего» фильмі туралы: авторлардың өтіріктен жиіркенбейтіні өкінішті

  • Сапархан Омаров «Архитекторы будущего» фильмі туралы: авторлардың өтіріктен жиіркенбейтіні өкінішті

    Сапархан Омаров «Архитекторы будущего» фильмі туралы: авторлардың өтіріктен жиіркенбейтіні өкінішті

Канадалық астық тұқымы бізді дағдарыстан құтқарады деп жүрген «Архитекторы будущего» фильмінің авторларына қатысты Ауыл шаруашылығы министрімен әңгімелескен едік.

Елімізге канадалық селекцияның астық тұқымын әкелген қазақстандық бір топ жас TDFA (The Development Fund of Agriculture) брендімен агрокомпания құрған.  Компания менеджерлері өздерінің сайттарында жұртқа ақпарат жариялады. Онда пандемиядан кейінгі экономикалық дағдарыстан шығудың нұсқасын ұсынған.  «Қазақстанда 50 млн тонна түрлі дақылдарды сақтауға болатын 250 элеватор салу керек. Оның иелері 100 пайыз түрлі астық импорттаушы елдер болуы тиіс. Бұл банктегі қорғалған депозит ұяшықтары сияқты болады», - делінген TDFA сайтында.

Ондағы авторлар үкіметпен келісімге келмек ниетте. Бұл мүмкін бе және белсенділер тың идея ұсынып отыр ма, деген сұрақты ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровқа қойған едік.

Бізде ірі агрохолдинг құрғанмен сәтсіз жобаға айналғандары бар ма?

&ndash Сапархан Кесікбайұлы, Сіз Қазақстанда TDFA агрохолдингі құрылғанын білесіз бе? Қазақстандық бір топ жас жігіт тіпті «Архитекторы будущего» деген фильм шығарыпты. Онда авторлар ауыл шаруашылығын қалай дамыту керектігін айтады. Сіз сол фильмді көрдіңіз бе?

&ndash Иә, мен бұл фильмнің үш бөлімін де көрдім. Тіпті мен осы жобаның бастамашыларымен де кездестім. Олар Қазақстанда ірі аграрлық азық-түлік қорын құруды ұсынды. Бұл былайша айтқанда агрохолдинг. Онда өзінің астық сақтау жүйесі, тұқымдық банкі, сақтандыру қоры, білім тарату орталығы, банкі және сауда үйі болуы тиіс деген пікірлерін айтты. Осы тұрғыда қазақстандық астық импорттаушылар есебінен арнайы халықаралық аумақтық мәртебеге ие 250 жаңа элеватор салуды ұсынады. Мұның барлығы Қордың меншігіне конкурссыз 5 млн гектар ауыл шаруашылығы жерін берген жағдайда орындалады деген шарт қояды.  Біз бұл тәжірибенің бәрінен өткенбіз, өтіп те келеміз. Мұндай ірі агрохолдинг құрудың соңы нәтижесіз болғаны да тәжірибемізде бар. Бір кездері тұқымдық қор да болған. Бірақ, салаға тиімділігін көрсете алған жоқ. Қазір ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тұқымды өздері сатып алады және жинаған өнімдерін өздері сатады. Қазақстанда 189 элеватор бар. Оларға астық сыймай жатыр деп айта алмаймыз. Кейбірінің толық қуатта жұмыс істеуіне астық керек. Сондықтан, бізге элеватордың қажеті жоқ. Фермерлердің біліктілігін жетілдіру үшін «Атамекен» ҰКП-ң білім беретін орталықтары жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландырумен айналысатын «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ мен «ҚДБ» АҚ бар. Аса белсенді болмаса да, екінші деңгейлі банктер де бұл салаға атсалысады. Сондықтан, дәл қазір біз бұлардың идеясына мұқтаж емеспіз.  

Видеоны көрген соң және жоба бастамашыларымен кездескеннен кейін бізде көптеген сұрақтар пайда болды. Мысалы, инвестиция тарту көздерін, инвесторлар Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына қандай жағдайда келетінін түсінгім келеді.

Қандай да бір жеке инвестор өңделмеген жобаларды қаржыландырғысы келеді деп ойламаймын. Мейлі ол өзіміздікі болсын. Шетелдік инвесторлар тіпті жоламайтынына бек сенімдімін. Оның үстіне біз қомақты қаражат &ndash 7 млрд доллар жөнінде айтып отырмыз ғой. Бұл қаншалықты маңызды сома екеніне көз жеткізу үшін Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы барлық шетелдік инвестицияларының көлемін көре салсаңыз жетіп жатыр. Сондықтан, олардың бұл ойлары орындалмайтын арманмен тең. Олардың шыққан өнімді сату жөніндегі жоспарлары да күмәнді. Тіпті бұлар Қазақстан әлемдегі астық пен дәнді-бұршақты өнімді саудалайтын жалғыз ел еместігін, бұл өте бәсекесі биік нарық екенін ескермейді. Белгілі бір өнімнің аз ғана мөлшерін өзге елдің нарығына шығару үшін тек келіссөзге ғана кем дегенде бірнеше жыл кетеді. Әлемнің көптеген елдері импортталған тұқымнан алынған өнім екен деп бірден үлкен ақшаға сатып ала салады деу үлкен қателік және «тиімді менеджерлер» мол кіріс кіргізеді деген пікір де дұрыс емес. Тіпті, 1200 «тиімді менеджерге» үміткерлерді іріктеу механизмдері де түсініксіз. Өйткені, кез-келген басқа бизнестің тиімді менеджері ауыл шаруашылығы саласында тиімді бола алмайды. Ол үшін аграрлық салада мол тәжірибесі болуы керек. Сіз жоба бастамашылары агрохолдингтерін салықтан, мемлекеттік бақылаудан босатуды және оларға мемлекеттің 5 млн гектар жерін беруді талап етіп отырғанын байқадыңыз ба? Яғни, жоба авторлары мемлекет есебінен үй ішінен үй тіккілері келеді және мемлекет олардың істеріне араласпауы керек екен. «Бізге 5 млн гектар жер бер, біз коммунизм құрамыз» деген сияқты ертегі айтып отыр.

&ndash Яғни, Сіз бұл жобаға үлкен күмәнмен қарайсыз ғой, солай ма?

&ndash Тек бейне материалдар мен таныстырылым слайдтарына сүйеніп, нақты іске асатын жоба ма, жоқ па оған баға беру ерте деп есептеймін. Біз алдымен өз сұрақтарымызға жауап алуымыз керек. Негізінде кез келген идеяны іске асыруға болады. Бірақ, ол идеяны әбден жетілдіріп, пысықтау керек қой.  Мұнда жобаның бүкіл идеясы импортталған канадалық тұқымның айналасынан аспағандай әсер қалдырды. Экранның арғы жағында отырып, бәрі оңай сияқты сайрайды. Канадалық астық тұқымын сатып аласың да егесің, сосын мол өнімнің астында қаласың. Ақиқаттан гөрі аңызға жақын.  Көптеген тәжірибелі шаруалар, ғалымдар мен сарапшылар өсімдік шаруашылығындағы табысты анықтайтын тұқым ғана емес екенін дәлелмен айтып береді. Мол өнім көп жағдайда ауа райына, агротехникалық іс-шаралар кешеніне, ауыл еңбеккерлерінің тәжірибесі мен шеберлігіне байланысты болады.

Видео авторлары канадалық тұқымды сынақтан өткізу үшін тәжірибелі фермерлерді ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырғанын білесіз бе?

Осы пилоттық жобаға қатысушылардың бірі оған бір тонна канадалық тұқымның құны 5 млн теңгеге шыққанын айтты. Дәл осындай сападағы басқа импорттық және қазақстандық тұқымдардың тоннасы 150-200 мың теңгеден болатын еді деді. Ол Ақмола облысындағы егіс алқабына канадалық тұқымды екті.  Әдеттегідей тыңайтқыш та қолданды. Бірақ, гектарына 20 центнерден аспайтын өнім алды. Ең қызығы, қазақстандық «Алтын сапа» мен «Шортандинская» сортын еккен көрші егіс алқаптарынан да сондай өнім алынды. Тіпті олар минералдық тыңайтқышты пайдаланбаған.  Солтүстік Қазақстан облысының егіс алқаптарына Канададан әкелінген тұқымның өнімі гектарына 15 центнер, Германиядан әкелінген тұқым гектарына 24 центнер, ал ресейлік «Омская-36» сорты гектарына 23,5 центнерден өнім берген. Пилоттық жобаға қатысқан фермерлер жоба авторлары мұндай нәтижеден түңіліп кеткендерін айтады. Сондықтан, жұртқа мыңдаған «тиімді фермалары» бар фантастикалық жаһандық агрохолдинг туралы айтудың орнына, ең болмағанда бір шағын фермерлік шаруашылық құрғандары дұрыс еді. Сосын, агрономдардың, механизаторлардың, ветеринарлардың, сауыншылардың, зоотехниктердің міндеттерін өзара бөліп, отандық нарықта елге пайдалы бір өнім шығаруды бастағандары жөн бе еді, деп ойлаймын. Былайша айтқанда, алдымен ауыл шаруашылығы деген не екенін түсініп, күштерін салып, бақтарын сынап көрулері керек еді. Егер, істері ілгері басып жатса идеяларын одан әрі дамытсын.  Болмаса, отандық фермерлермен немесе өндірістік кооперациялармен өнімді өткізу жөнінде ынтымақтастық орнатқандары дұрыс болар ма еді. Әдетте солай істеледі. Бұлар «Екі пікір бар, біреуі менікі, екіншісі дұрыс емес» деген қағидамен жұмыс істейді. Онымен ұзаққа бармайтындары анық.

&ndash Сұхбат берген «Архитекторы будущего» жобасының авторы пилоттық жобаға қатысқан фермерлерге канадалық астық тұқымының өнімін төмен етіп көрсетіңдер деп сіз қысым жасады дейді. Бұған не дейсіз?

&ndash Бұл өтірік және көрермендер мен оқырмандардың пікірін қоздыру үшін айтқан сөз деп есептеймін.  Ауыл шаруашылығы министрлігі өнімділік пен жалпы өндіріс нәтижелері өсімінің жоғары болғанына ғана мүдделі. Жап-жас жігіттердің өз мақсаттарына жету үшін өтіріктен жиіркенбейтіндері өте өкінішті.

&ndash Онда видео авторларына бос жер жоқ, деген жауабыңызды түсіндіре кетсеңіз. Бұл рас па?

&ndash Өзіңіз ойлап қараңызшы. Бүкіл ел бойынша егістік көлемі 25,6 млн гектар.  Соның 22,5 млн гектарына биыл егін егілді. Қалған жерлер парға жыртылған. Видео авторлары осы 22,5 миллион гектар жердің «тек 5 миллион гектарын» сұрайды. Бірақ, бұл жерлерге егін егіп, еңбектеніп жүргендер не болады? Олармен қалай жұмыс істейтіндерін айтпайды, түсіндірмейді. Мен оларға осы жағдайдың бәрін түсіндірдім. Бірақ бұ жігіттердің «Екі пікір бар, біреуі менікі, екіншісі дұрыс емес» деген қағидамен жұмыс істейтіндері маған ұнаған жоқ. Сол себепті мені «сатқындардың» тізіміне қосып қойған.

&ndash Яғни, бос жер жоқ? Ал, министрлік биыл анықтаған бірнеше миллион гектар жер ше? Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі бірнеше рет хабарлаған болатын.

&ndash Иә, біз пилоттық режимде төрт облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалануға космомониторинг жүргіздік. 7,7 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерлерін анықтағанымыз рас. Алайда, қазіргі уақытта пайдаланылмай жатқан егістік алқаптар алаңы бар болғаны 48,6 мың гектар. Қалғаны мал шаруашылығына арналған жайылымдық жерлер. Пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау жұмысы жалғасады. Пайдаланылмай жатқан егістік алқаптардың ауданы артуы мүмкін. Бірақ, соңғы жылдары ауыл шаруашылығына деген қызығушылық артқан. Сондықтан, пайдаланылмай артық жатқан жер болады деп айта алмаймын. «Архитекторы будущего» жобасының жігіттері жерді жалға беру конкурсына ғана қатыса алады.

&ndash Пайдаланылмайтыны анықталған ауыл шаруашылығы жерлерін не істейсіздер?

&ndash Тексерілген бірінші жылда ұйғарым беріледі және 10 есе жоғары салық есептеледі. Екінші жылы бақылау тексерісі жүргізіледі. Нұсқама орындалмаған жағдайда жерді алу үшін материалдар сотқа жіберіледі. Сот шешімінен кейін ғана мемлекетке қайтарылған жер учаскесі конкурстық негізде шаруаларға беріледі. Қазақстан заңнамасына сәйкес ауыл шаруашылығы жерлері республика азаматтарына конкурстық негізде беріледі. Конкурсқа қатысуға өтінімдерін жартысы қоғамдық ұйым өкілдерінен тұратын облыс әкімдіктері жанындағы комиссиялар қарайды. Бұл конкурсқа барлық азаматтар қатысуға құқылы. «Архитекторы будущего» жобасының авторлары ауыл шаруашылығы жерлерін ұзақ мерзімді жалға беру конкурстарына заңды түрде қатысуға құқығы да, мүмкіндігі де бар. Сондай-ақ, олар өз идеяларын жүзеге асыру үшін фермерлермен кооперация жөнінде ынтымақтастық мәселелерін қарастыра алады.

Менің олигарх-туысым жоқ

&ndash Тағы бір ашық сұрақ қоюыма рұқсат етіңізші.  «Архитекторы будущего» жобасының авторы сұхбатында сіздің жұбайыңыздың ауыл шаруашылығы жерлері бар деді. Бұл рас па?

&ndash Жоқ, мүлде олай емес. Менің өзімде де, жұбайымда да ауыл шаруашылығы жері жоқ. Жұбайымның ауылдық елді мекенде тек 2,5 гектар жері бар. Бірақ оның ауыл шаруашылығына қатысы жоқ. Ол жер учаскесі заңды түрде алынған және декларацияланған. Артық сөз болмас үшін айта кетейін, жұбайым екеуміздің туыстарымыздың да ауыл шаруашылық жерлері жоқ. Олар олигарх емес және ауылшаруашылығы бизнесімен мүлдем айналыспайды. Мұның бәрін тексеру қиын емес.

&ndash Президент агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жобаны әзірлеуді тапсырды. Бұл бағыттағы жұмыс қалай жүріп жатыр?

&ndash Бұл құжаттың тұжырымдамасы биыл желтоқсан айында дайын болады. Содан кейін ол «Атамекен» ҰКП, салалық одақтар мен фермерлер қауымдастықтарының өкілдері, аграрлық сала ғалымдары бар  жұмыс тобына жіберіледі. Ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа стратегиясын әзірлеу кезінде біз өңірлердің әлеуеті мен ерекшеліктерін ескергіміз келеді. Сондықтан, жұмыс тобына облыс әкімдерінің орынбасарлары да қосылған. Бұлардан бөлек, БҰҰ-ның ауыл шаруашылығы және азық-түлік ұйымдары да тартылған. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың қазіргі мемлекеттік бағдарламасы 2021-жылы аяқталады. Сондықтан біздің қазіргі міндетіміз &ndash  бұрын межеленген көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету, фермерлерді мемлекеттік қолдау жобаларын сақтау. Фермерлер мемлекеттік қолдау басымдықтарының жиі өзгеретініне үнемі шағымданады. Соның салдарынан олар ұзақ мерзімді жоспар құра алмайды. Жоспарсыз кез келген бизнесті жүргізе алмайсыз. Сондықтан біз аграрлық саясаттың сабақтастығын сақтап, оны бизнес үшін тартымды ету басымдығын белгіледік. Мысалы, біз қарапайым фермерлердің мемлекеттік қолдауға тез қол жеткізулері үшін бірқатар кедергілерді алып тастадық. «ҚазАгро» Холдингінің еншілес ұйымдарының кепілдік саясатын жеңілдеттік. Қазірдің өзінде жақсы нәтиже бар. Мысалы, 2018-жылы Қазақстанның ауыл шаруашылығына бизнесмендер 365 млрд теңге инвестиция салса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 495 млрд теңгеге жетті. Яғни, 30%-ға артық. Биыл пандемияға қарамастан АӨК секторы тұрақты дамып келеді. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың 16 пайыздық өсімі агроөнеркәсіп секторының барынша инвестициялық-тартымды бола бастағанын дәлелдейді.

 

 




Көрілген: 524    Пікірлер: 0

сенбі, 14.11.2020, 13:55

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қаңтар
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31