Атыраудан Алматыға ұшуы тиіс болған жолаушылар далада қалды. Олар алдын ала "SCAT" әуе компаниясының ұшағына билет алып қойған. Алайда ұшақта орын жоқ болып шықты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.
Әуежайға келіп, тіркеуден өтпекші болған жолаушыларды "ұшақ толды, орын жоқ, билет сатуда қателік кетті" деп өткізбеген. Артынша, бұған шыдамаған отыздан астам жолаушы әуежайда шу шығарды.
Атырау қаласынан Алматыға ұшуым керек еді. Билетті алдын ала алып қойдым. Бағасы 85 мың теңгеден асып түсті. Тіркеуге келсек адам толып тұр. "Онлайн тіркеу жасалғандарды ғана өткіземіз, өзгесін жібермейміз. Ұшақ толық. Орын жоқ" деп бізді өткізбеді, — дейді Гүлшат Аязбаева.
Шу шыққаннан кейін жолаушылардың бірін әуекомпаниясы қазанның 4-не, енді өзгелерін 5-не ауыстырған. Кейбірі билетін кері қайтарып ақшасын алыпты.
Аталған мәселеге байланысты Экспресс К "SCAT" әуе компаниясына хабарласты. Бірақ онда бұл жағдайға нақты жауап бере алмады. Айқай-шу шығарғандарға "қателік кетті" дегендерімен тілшілерге "жағдайды нақты анықтағаннан кейін айтамыз" деп отыр.
Брон жасау кезінде жүйеде техникалық ақау болған. Жолаушылардың өзге рейстермен ұшып кетуіне барлық мүмкіндіктер қарастырылды. Ал қалғандарына билет ақысы толық қайтарылды, -деді компанияның баспасөз хатшысы Виктория Старожилова.