Сенат балаларды қорлағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынды

25 ақпан 2022, 01:40

Сенатта балаларды қорлағаны үшін жауапкершілікті күшейту ұсынылды. Депутат Рысқали Әбдікеров өзінің депутаттық сауалында көңіл көншітпейтін статистиканы мәлімдеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, соңғы 5 жылда Қазақстан өз-өзіне қол жұмсау деңгейі бойынша әлем елдерінің ондығына кіріпті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Депутаттың айтуынша, интернетте тек қана өлімді жарнамалап, балаларға ауыр зардап тигізетін сайттар да жеткілікті. Сол себепті ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске буллинг, кибербуллинг немесе қудалауға ұшыраған балалар туралы уәкілетті органдарға дер кезінде хабарламаған білім беру ұйымының басшысы үшін жауапкершілік енгізуді ұсынды.  

Сенат депутаты Рысқали Әбдікеров Үкімет назарын балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид проблемасына аударды. Оның айтуынша, бүгінде балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік, рухани, физиологиялық, болмыстық дамуына тұрақты көңіл бөлініп келсе де, кейінгі жылдары өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары белең алған.

«Ішкі істер министрлігінің деректері де бұл келеңсіз үрдістің өскенін көрсетіп отыр. Мысалы 2020 жылы жасөспірімдер арасында 143 суицид оқиғасы, 306 суидид жасау әрекеті тіркелсе, 2021 жылы бұл көрсеткіш өсіп, 175 суицид оқиғасы, 375 суицид жасау әрекеті болды. Ғалымдар мен сарапшылардың соңғы зерттеу қорытындыларына қарағанда, жасөспірімдердің 17 пайызы мектепте айына бір немесе бірнеше рет қысымға ұшырайды екен», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Рысқали Әбдікеров. 

Ал Сенатор Ерік Сұлтанов елімізде арнайы экономикалық аймақтар аумағының 60 пайызының бос тұрғанын айтып, оның тиімділігі төмен деңгейде қалып отырғанын жеткізді. Депутат инвестиция мен жаңа технология тартуға арналған тиімді алаңдардың бірі осы аймақ болуы тиіс екенін алға тартты.

«Іс-қимылдардың жауаптылығымен келісімділігін арттыру мақсатында жергілікті атқарушы органдар бірыңғай үйлестіру орталығы мен басқарушы компаниялар арасында арнайы экономикалық аймақтардағы әлеуетті инвесторлар тарту жөнінде функциялардың қайталануын болдырмауға бағытталған жедел шаралар қабылдауыңызды сұраймыз», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ерік Сұлтанов.

Сенатор Әли Бектаев өз кезегінде елімізге жылына 230 мың тоннадан астам бау-бақша өнімдері шеттен әкелінетінін айтып, жеміс-жидек бағасына делдалдар қалай ықпал етіп отырғанын жеткізді. Мысалы әр келісі 150 теңгеге сатылған алма делдалдар арқылы бөлшек саудада 480-500 теңгеге өткізіліп жатыр. Яғни, бау мен базар арасындағы баға айырмашылығы – 3,5 есе. Осы орайда сенатор тиісті шаралар қабылдауды ұсынды.

«Біз әлі де импортқа тәуелдіміз. Елімізге жылына 230 мың тоннадан астам бау-бақша өнімі шеттен әкелінеді. Біздің нарығымызға көршілес Өзбекстан, Қырғызстанды айтпағанда, Түркия, Польша, Беларусь, Молдова, Әзербайжан, Қытай, Иран мемлекеттерінен жеміс-жидек тасымалданады. Олардың ішінде ГМО өнімдері де жоқ емес. Тіпті, Ауғанстаннан жылына 2 мың тонна жүзім сатып аламыз», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев.

Сенат депуттары энергетика саласындағы олигополияға наразы екенін де айтты. Сондай-ақ «Самұрық-Энерго» мен KEGOC компанияларын Энергетика министрлігінің қарамағына беруді және бірыңғай сатып алушы жүйесіне көшуді ұсынды.

Almaty.tv