Мәселе

Шахталы шаһардағы «қоқыс төңкерісі»

  • Шахталы шаһардағы «қоқыс төңкерісі»

    Шахталы шаһардағы «қоқыс төңкерісі»

2013-2014 жылдары Екібастұздың шетіндегі қоқыс полигонында өрт шығып, жергілікті өрт сөндірушілердің күші жетпегендіктен үшінші күні жақын маңдағы кәсіпорындардан: «Богатырь Көмір» кеніші, 1-МАЭС, 2 МАЭС станцияларының өрт сөндірушілері көмекке келген болатын.

 

Жұртшылық өртті сөндірумен әлектеніп жүргенде, қоқыс үйіндісінен суқалталар (целлофан) желмен ұшып келіп, қаланың сұрқын кетірген еді.  Жергілікті басшылар проблеманың қайдан туындағанын зерттеп, салдарына үңілгенде, полигонда шешілмей тұрған бірқатар мәселенің басы қылтиып шыға келді. Біріншіден, полигон экологиялық және санитарлық талаптарға сай келмегендіктен қоршаған ортаға келтірген зиянды есепке алған экологтар 400 мыңға дейін айыппұлдар салып жүрді; екіншіден, полигонға жеткізілетін тұрмыстық қалдықтар алдын ала сұрыпталмайтыны анықталды: өңдеуге жарамсыз қалдықтар өртелмейтіні және шіритін қалдықтардың жерге көмілмейтіні; үшіншіден, медициналық қалдықтардың арнаулы көліктермен тасымалданбайтыны; төртіншіден, тұрмыстық қалдықтарға арналған техникалардың жоқтығы. Ол уақытта қаржыға тірелген мұндай мәселені шешуге қала бюджеті қауқарсыз еді. 2018 жылы банкрот алдында тұрған бұл полигон жекенің қолына өтті.

 

Полигонның қазіргі директорының есімі екібастұздықтарға жақсы таныс. Отставкадағы подполковник, Қоянды ауылдық округінің бұрынғы әкімі Қуандық Өтенов.

 

Газет тілшісі Рымбек Егінбайұлы екеуіміз Қуандық Жасқұрақұлымен бірге қаладан үш шақырымдай алыс орналасқан полигонға бет алдық. Полигоннан мақала жазу туралы бастаманы көтерген өзім едім. Қазіргі жағдайын көзбен көрмекке бел бусам да, ақиқатын айтсам, күл-қоқыс төгетін орынға жақындағанда сол ойымнан айни бастадым. «Қоқыс қалдықтары төгілетін алаң  лас шығар әрі қолқаны қабатын жағымсыз иіс тұрған жерде нем бар еді?» дегендей бір алаң көңілімді күпті етті.

 

Қаладан күніне 350 текше метр қоқыс шығарылады

 

Полигонда бұрынғыдай емес, жұмыс қарқын алған, кіре берістегі пункттің алдында электронды таразы орнатылыпты. Жүк тиеген көліктер осы таразы арқылы ішке өтеді. Сұрастырып білсек, қаладан күніне 300-350 текше метр қоқыс шығарылады екен. Қалдықтар бірден  сұрыптау кешеніне жеткізіледі. Қуандық Жасқұрақұлының айтуынша, құны 36 млн теңге тұратын сұрыптау кешені бір жылдың ішінде салыныпты. Кешенде пластиктер бір бөлек, қағаздар бір бөлек, шынылар бір бөлек сұрыпталады. Пластик құтылар сұрыпталған соң станокпен үлкен торға тығыздалып салынады. Шикізат түріндегі өнімдер Петропавл-Көкшетаудағы өңдеу зауытына жіберіледі. Зауытта пластиктерді үгітіп жиектастарға пайдаланады. Қағаздарды Павлодардағы картон-рубероид зауыты қайта өңдейтін көрінеді. Сыраның банкілерін Астанадағы зауытта балқытып, қайтадан сыраға арналған қаңылтыр шөлмектер жасайды. «Қайта өңдеуге келмейтін қалдықтарды  не істейсіздер?» деген сауалымызға Қуандық Жасқұрақұлы инсенератор пешіне жағатынын айтты. Оның сөзінше медициналық құралдар, иттер мен мысықтардың өлекселері осы пеште өртеледі. Инсенератор пештің құны -  9 млн теңге.

 

-         Қоқыс қалдықтарын басқа қалаға тасымалдамай, өзімізде қалдыру әлдеқайда тиімді. Жақын арада полигон жанында қайта өңдеу зауытын ашуды ойластырып отырмыз, - деді алдағы жоспарымен бөлісіп. &ndash өздеріңіз көргендей, алаңы 1056 шаршы метрді құрайтын мына ғимаратты зауытқа шақтап салдық. Инсенератор пештен құбыр арқылы жылу тарттық. Пластиктерді, целлофандарды, полиэтилен заттарды қайта өңдеп, кірпіш, жиектас, кәріз құдығының қақпағын, түрлі бояулар қосып саяжайларға орындықтар, қоршаулар жасауға болады. Мәселен, қайта өңделген суқалталар цементке бергісіз. Беріктігі одан да мықты. Бұған қажетті станоктар Қытайда арзан. Бұл елде жылына бір рет кәсіпкерлерге арналған көрме ұйымдастырылады. Мұнда бизнес-жобаларға сәйкес арзандатылған бағамен құрал-жабдықтардың түр-түрін ұсынады. Ол елде қоқысты кәдеге жарататыны соншалықты, қоқыс қалдықтарынан түрлі жиһаздар жасап жатыр.

 

Жұмыс іздесең, полигонға бар!

 

Негізгі әңгімеге қайта оралсақ. Полигонда техникалар жеткілікті: 2 бульдозер тракторы, 1 экскаватор, 1 жүк машинасы, медициналық қалдықтарды таситын 1 арнаулы көлік, қызметтік УАЗ машинасы бар. 2 КамАЗ көлігі жалға алынған.

 

Медициналық қалдықтар демекші, кәсіпорын №2, 3 емханалармен, Перзентхана үйімен, Қан тапсыру орталығымен, «Нұр» медициналық орталығымен келісімшарт негізінде жұмыс істейді. Аптасына 3 рет 80 келіден асатын медициналық қалдықтарды арнаулы көлікпен полигонға жеткізеді. Әйтсе де жеке меншік стоматологиялар, дәріханалар, кейбір медициналық орталықтар аталмыш кәсіпорынмен байланыс орнатуға келісім бермеген. «Тіс емханалары, медициналық орталықтар қалдықтарды қайда тастайды? Елмен бірге контейнерге апарса, ол қауіпті. Өйткені бір рет қолданылған шприцтерді сол жерде ойнап жүрген балалар қолданса, арты өкінішті жағдайға соқтыруы мүмкін», - дейді кәсіпорын басшысы.

 

Бүгінде полигонда 20 шақты адам еңбек етеді. Орташа жалақы &ndash 80 мың теңге. Жұмыскерлерді арнайы автобуспен тасымалдайды. Жұмыс &ndash бес күндік.  

 

Қуандық Өтенов кәсіпорында жұмыс күші жетіспейтінін жасырмады. Ірі кәсіпорындарда ауысымда жұмыс істейтіндер болса, еңбек кестесіне қарап жұмыс ұсынуға әзір екенін айтты. Еңбекақысын күн сайын алғысы келгендердің де талабымен келісіп отыр.

 

Қалдықтарды пәтерде сұрыптау керек!

 

Қуандық Жасқұрақұлы кәсіпорын қуатты жұмыс істеуі үшін халықтың қоқыс төгу мәдениеті қалыптасуы керек деген пікірде. Тұрғындар ең алдымен қалдықтарды үйде сұрыптаудан бастау керек. Шыны қалдықтарын, қағаз қалдықтары мен шүберекті, пластик пен полиэтиленді бөлек тастаған жөн, өйткені бұл қалдықтар қайта өңделетін шикізатқа жатады. Тамақ қалдықтары сияқты өңделмейтін, бірақ белгілі бір уақытта шіритін  бөлігі полигонда үш метр тереңдікте көміледі.

 

Осы арада айта кетерлік жай, қалада Кеңес одағынан қалған тот басқан темір контейнерлердің барлығы дерлік жаңа үлгідегі пластиктерге ауыстырылған.  Ерекшелігі сол &ndash контейнерлердің бәрі жылжымалы, 4 дөңгелекке орнатылған. Бұрынғыдай атжалмандар ішіне емін-еркін кіре алмайды.  Беті жабық тұратындықтан контейнерлерде қонақтап отырған қарғаларды да көрмейсіз.

 

Қоқыс сұрыптауды мектепте үйрету қажет

 

Жалпы, біз «тұрмыстық қалдық» деп санайтын шикізатты дамыған елдер «байлық» деп атайды. Мәселен, Сингапурде қолданылатын энергия қуатының 3 пайызын осы тұрмыстық қалдықтарды өңдеу арқылы алады. Жиналған қоқыс елде орналасқан 4 электр станциясында өртеліп, одан электр энергиясын өндіріп шығарады. Еуропа елдерінде де қоқысты қайта өңдеу жұмыстары жолға қойылған. Берлинде қоқыс жинап, оны зауытқа апарып өткізген жеткіншектерге ақысын төлейді. Ал Голландияда мұндай жасөспірімдерге коммуналдық қызмет түрлерін төлеуде жеңілдік жасалады. Испанияда қоқысты сұрыптап, кәсіпорынға өткізген балаларға балмұздақ және өзге де тәтті-дәмділер таратады. 

 

Қорыта айтқанда, тұрғындардың қоқыс төгу мәдениетін арттыруды мектептен бастаған абзал. Аптасына бір рет тәрбие сағатында балаларға қоқысты сұрыптау жайлы 5 минуттық дәріс өткізудің артықтығы болмас. Әр азамат қоқыс сұрыптауды жете меңгерсе, табиғаттың да тынысы ашыла түсер еді.

 

 

Дария ЕРҒАЗИНА, Екібастұз




Көрілген: 1426    Пікірлер: 0

сейсенбі, 12.01.2021, 13:48

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    наурыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31