"Шаңның кесірінен аллергия пайда болды": Алматы облысында тұрғындар заңсыз салынған кірпіш зауытына шағымданды

02 тамыз 2022, 09:26

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қайназар ауылында тұрғындар үйлердің іргесінде жұмыс істеген кірпіш зауытына шағымданды. Сөздерінше, екінші зауыт зираттың жанындағы топырақтан кірпіш жасаған. Тұрғындар осы күнге дейін құзырлы органдарға талай рет арызданған екен. Бірақ заңсыз зауыттардың жұмысын тоқтата алмай келген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап. 

Тау бөктеріндегі ауылдың сары топырағына қызыққан кәсіпкерлер заңды белшесінен басып, кірпіш зауыттарын салып алған. Кәсіпорын санитарлық аумақты сақтамай, тұрғын үйлерге жақын орналасыпты. Сонымен қатар құрылыс нысандары құзырлы органдардың рұқсатынсыз салынған екен. Заңды белшесінен басқан кәсіпорынның жұмысы істеуі де заңсыз дейді жұрт.

“Қарашадан бастаған, яғни билікпен ақылдаспай, халықпен ақылдаспай санитарлық аймақта өз білгенінше құрылысты жалғастыра берген. Аудан әкімі келіп ескертсе де жалғастыра берген. Қазір бұл жерде архитектураның бекітуі бойынша беске жуық заңсыз құрылған ғимараттар бар. Соның ішінде кірпіш зауыты бар, кептіретіні бар, цехы бар, былай айтқан кезде тура ауылдың ішіне кіріп тұр”, – дейді Қайназар ауылының тұрғыны Нұржан Сағидоллаұлы.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, аталған кірпіш зауыттарының шаңы адамдардың денсаулығына кері әсер етуде. Ауылда аллергия, демікпе аурулары жиілеп, тұрғындардың денсаулығы сыр бере бастаған. Экологиялық проблеманы құзырлы органдар көрсе де шара қолданбай отыр, дейді.

“Ауылдың балалары мен үлкендерінде аллергия қаптап кетті қазір. Аллергия ол есепте тұрмайды. Оның арты демікпеге айналып кетуі мүмкін, оны дәрігерлер біледі”, – деп қосты ауыл тұрғыны Келгенбай Тұяқов. 

Облыс әкімдігі тұрғындардың арызын қарастырып, тексеру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде халық айтқан кірпіш зауытына қатысты заң бұзушылықтарды анықтап, құжаттарды сотқа жіберуге уәде берді.

“Тұрғындардың арыз-шағымы негізінде және мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасының жүргізген тексеру нәтижесінде осы заңсыз салынған нысандар анықталды. Алдыңғы сот шешімі бар бұзу туралы. Енді келесі нысандардың барлығына да осындай құжаттар жиналып жатыр. Алдағы уақытта бұлардың барлығы сүрілетін болады”, – деп мәлімдеді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел. 

Ауыл тұрғындары осыған дейін зират жанындағы карьерді мақсаттан тыс пайдаланып, кірпіш зауытын салып алған кәсіпкердің заңсыздығын сотта дәлелдеген. Алайда 6 жылдан бері жерді мақсатынан тыс пайдаланып келген кәсіпкерге карьерді қайтарып бергені үшін наразы.

Қайназар ауылы жанында тағы екі кірпіш зауыты бар. Олардың қаншалықты заңды немесе заңсыз жұмыс істеп тұрғанын, санитарлық аумақтың сақталу нормасы алдағы уақытта тексерілмек.