Шешімін таппаған іс: ТЖО-да өртенген 20 көлікке қатысты тергеу аяқталды

20 қаңтар 2023, 17:27

Осыдан екі жыл бұрын Алматыдағы техникалық жөндеу орталықтарының бірінде өртеніп кеткен 20 көлік оқиғасына қатысты тергеу аяқталды. Тергеу амалдары ұзаққа созылғанымен кінәлілер сол күйі анықталмаған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Almaty.tv-ке сілтеме жасап.

2021 жылдың 2 ақпанында Сәтпаев көшесі бойындағы техникалық жөндеу орталығында алапат өрт болып, ішінде тұрған 20 көлік жанып кеткен еді. Бірнеше рет сараптама жасалып, тергеу жүргізілген.

 

22 айға созылған тергеу амалдары қазір тоқтаған. Бірақ орталықта шыққан өртке не түрткі болғаны және өтемақыны кім төлейтіні сол күйі анықталмапты. Ал нысанның заңды иесі саналатын Оксана Кутлукова өзін оқиғаға кінәлімін деп санамайды. Айтуынша, ол орталықты сенімхат арқылы заңды түрде екі тұлғаға жалға берген. Ал келісімшарт бойынша өрт-техникалық және басқа да қауіпсіздік шараларына нысанды жалға алған адамдар жауапты екен. Сондықтан Оксана Кутлукова тергеудің қайта қаралғанын әрі өзін куәгер ретінде емес, жәбірленуші етіп тануын талап етіп отыр.

 

«Қылмыстық істі қарау кезінде тергеуші менің берген түсініктемем мен ұсынған құжаттарымды ескермей келді. Ол жәбірленуші ретінде жазған арызымды жоқ қылып жіберген және істе мені қорғау құқығы бар куәгер ретінде ғана таныған. Бірақ бұл оқиғада мен  қатты шығынға ұшырап отырмын. Сондықтан көлігі өртенген адамдар менің де зардап шегіп отырғанымды дұрыс түсінуі керек», – деді ТЖО қожайыны Оксана Кутлукова

 

Ал мүлкінен айырылып, шығынға батқан автокөлік иелері жөндеу орталығының қожайыны жауапкершіліктен жалтарып жүргенін айтты.

 

«Біздің машинамызға кеткен шығынды төлеп берсе болды. Одан басқа Кутлуковадан ештеңе сұрамаймыз. Екі жылдан бері айына елу мыңнан төлесе де, өтер еді», – деді жәбірленуші Рәзия Есембаева

 

«Машина қосалқы бөлшектері мен жұмысын санамағанның өзінде 8 млн тұрады. Ең болмаса соны төлесе, шүкір. Екі жыл өтті, ешқандай жауапкершілік алған жоқ», – деді жәбірленуші Әділет Сейітхан.

 

«Ол сол жердің меншік иесі болғандықтан жауапты болуы тиіс. Алдын ала тергеу органы да, төтенше жағдай қызметкерлері де өрттің қауіпсіздік сақталмағанынан шыққандығын растады. Яғни, орталықта гидрант, өрт сөндіргіш құралдар болмаған. Енді қазір ауданаралық тергеу соты қылмыстық істі тоқтату туралы шешімді жоққа шығарып жатыр. Бұл жәбірленушілерімді азаматтық сотқа жүгіну құқығынан айырады», – деді жәбірленушілердің заңгер-кеңесшісі Мария Ян

 

Біз жағдайдың ақ-қарасынан заң тұрғысынан қарауға тырысып көрдік. Ол үшін заңгер, сарапшылардың көмегіне жүгінген едік.

 

«Заңгер ретінде мекемені жалға алған азаматты және де одан субарендаға алған азаматтарды кінәлі деп танылу тиіс. Өйткені меншік иесі жалға бергеннен кейін ТЖО үшін ешқандай жауап бермейді. Жалға алған кісі жауапты. Тергеушінің іс-әрекетіне бұл жерде көп нәрсе байланысты. Сондықтан істі тәжірибелі, білімін тоқтатқан мықты тергеушілерге өткізу керек», – деді заңгер Ғабит Өмірбек.

 

Тергеу соты тоқтап қалған істі қайта қарап, нысан иесін жәбірленуші ретінде тануды мақұлдады. Алайда жәбірленушілер соттың бұл шешіміне шағым түсіріп отыр. Жағдайдың әрі қарай қалай өрбитіні тағы да белгісіз. Бірақ заңгер «жәбірленушілер өтемақыны тек қылмыстық іс аясында немесе азаматтық сотқа жүгіну арқылы ғана өндіріп ала алады» дейді.