ШҚО-да жеке куәліксіз тұрып жатқан 200-ден астам адам анықталды

25 желтоқсан 2021, 09:29

Шығыс Қазақстан облысында жеке куәліксіз тұрып жатқан 200-ден астам адам анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, көші-қон қызметінің мамандары жеке басын куәландыратын құжатсыз тұратын және 1974 жылғы КСРО паспортын уақтылы ауыстырмаған адамдарды анықтау бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.

 

«Құжаттардың болмауы салдарынан олар әлеуметтік төлемдер, жәрдемақылар мен медициналық көмек ала алмайды. Жыл басынан бері өңір бойынша жеке куәліксіз жүрген 200-ден астам адам анықталған. Қазіргі уақытта барлығы Қазақстан Республикасының азаматы болып танылды», - делінген ақпаратта.

 

Мәселен, Өскемен қалалық полиция басқармасына Атырау облысында туған 69 жастағы әйел жүгінді. Өз сөзінде ол 1953 жылы ата-анасымен бірге Өскеменге көшіп келгенін жеткізді. Осында орта мектепті бітіріп, тұрмысқа шығып, балалы болған.

 

«Алайда бүгінгі күнге дейін, яғни 40 жылдан астам уақыт бойы әйел 1974 жылғы төлқұжатпен жүрді. Көші-қон қызметіне жүгінген соң мамандар оған жеке куәлік алу үшін қажетті құжаттарды жинауға көмек көрсетті. Сөйтіп, азаматша көптен күткен құжатты алып, зейнетақы рәсімдеді», - делінген хабарламада.