Шымкентте 180 адам жиналған той тоқтатылды

01 тамыз 2021, 12:48

Шымкентте карантинге қарамастан той өткізген тұрғындар анықталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Шымкент полициясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шымкент ПД мәліметінше, Абай аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары алдын алу жұмыстары барысында аудан аумағында орналасқан мейрамханада үйлену тойы өтіп жатқанын анықтаған.

"Залда 180-ге жуық қонақ болғаны анықталды. Карантин режимін бұзған тұрғындарға қатысты қажетті материалдар жиналып, тиісті шаралар қабылдау үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жіберілді", - делінген ақпаратта.
 
Шымкент полицейлері тұрғындардан қаланың бас санитария дәрігерінің қаулысында көрсетілген талаптар мен шектеулерді қатаң сақтауды сұрайды.