СҚО-да 260 адамды кене шақты

13 мамыр 2022, 18:06

Өңірде наурыз айынан бастап тұрғындарды кене шаға бастаған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.

Кене шаққан 260 адамның 82-сі он төрт жасқа дейінгі балалар. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл 1,8 есе көп.

 

Мұндай ақпаратты облыстық санитарлық–эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары хабарлап отыр.

 

Кененің жаппай қаптауына ауа райының күрт жылынуы себеп болған. Сондықтан, әсіресе, табиғат аясына демалуға шығатындарға эпидемиолог дәрігерлер сақ болу керектігін ескертеді. Себебі бұл қансорғыштар түрлі жұқпалы ауруларды тасымалдауы мүмкін.

 

Жалпы өткен жылы өңірде кене энцефалиті ауруының 9 жағдайы тіркеліп, бір адам қайтыс болған еді.

 

Айнаш Сағандықова, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы:

 

– Соңғы аптада кене шағудың 86 жағдайы тіркеліп отыр. Қазіргі кезде күн жылыды. Соған байланысты кенелер көбейді. Адамдар көптеп орманға шыға бастады. Сондықтан қазіргі кезде сақтық шараларын адамдарға ұстануға кеңес береміз.