Солтүстік Қазақстанда үй құстары қырылып жатыр

29 қыркүйек 2021, 08:50

Инфекцияның өзге өңірлерге таралуының алдын алу үшін вакциналау, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Солтүстік Қазақстан облысында құс тұмауы анықталған ошақта үй құстарының көзі жойылып жатыр.

Бұл туралы облыстық ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Басқарма басшысы індет анықталған Мағжан Жұмабаев ауданындағы Лебяжье ауылын республикалық комиссия келіп тексергенін атап өтті.

"Инфекция ошағын дер кезінде оқшаулау үшін елді мекен аумағына дезинфекциялық бекеттер орнатылды. Енді ауылға кіріп-шығатын көліктер дезинфекцияланатын болады. Ал індеттің таралуын болдырмау мақсатында ауру ошағындағы барлық үй құстарының көзін жою қолға алынды. Олардың иесіне өтемақы төленеді", - деді ол.

Берік Әлжановтың айтуынша, аймақтағы эпидемиологиялық жағдай толықтай бақылауға алынған. Инфекцияның өзге өңірлерге таралуының алдын алу үшін вакциналау, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Естеріңізге сала кетейік, 21-26 қыркүйек аралығында Мағжан Жұмабаев ауданында мыңнан аса үй құсы қырылды. Зертхана сынамасы оған құс тұмауы себеп болғанын анықтады. Қырылған құстардың барлығы өртелді.

sputnik.kz