Ақтөбе облысында жолын су шайып кеткен жеті ауылмен қатынас үзілді. Қандыағаш қаласына баратын көпірді де тасқын бұзып кеткен. Облыс орталығына барып-келу тоқтады. Ақтөбенің өзінде 100-ден аса үй су астында қалып, тұрғындар мектепті паналауға мәжбүр, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі КТК.kz-ке сілтеме жасап.
Аймақ басшылары зардап шеккендердің жайынан хабарсыз. Дәл осы тасқынға жауапты облыс әкімінің орынбасары су басқан ауылдарға баруға асығар емес.
Ақтөбедегі Песчанка өзеніне тек көктемде ылғал жиналып, жаз бойы құрғап жататын. Соңғы 10 жылда бұл жерде су тасымапты. Ал биыл тасқынның қауіпті болғаны сонша, жалғыз көпірді көлік қатынамау үшін жауып тастаған.
Өзен арнасынан асып жағасындағы қос көшедегі үйлерді су басты. Тұрғындар 90-жылдардан бері су бұлай жайылмағанын айтады. Қызыл су үйлеріне лап қойғанда көбісі абдырап қалып, үйінен әрең шығыпты. Ылғалдан дүние-мүліктері түгел бүлініп, техникалары істен шыққан.
Елубай Сейітмағанбетов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Бәрі бүлінді. Ішке деген кіре алмай, далаға балаларды көтеріп шығарып, қалаға жеткізіп тастадық.Үшінші күн. Үйге кіре алмаймыз. Қонышы ұзын етік киіп кіріп балалар келді, бәрімізді көршілер шығарып алды.
Раиса Шмолкина, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Үй суға толып кеткенде құтқарушылар терезеден шығыңдар деді. Есікті ашып қалғанымда су лап қойды. Әрең далаға шығарып алды. Үй ішінің бәрі бүлінді. Қорамдағы тауықтарым қырылып қалды. Енді көмек беретін шығар.
Песчанка өзені жағасындағы үйлерден бөлек, қаладағы бірнеше ықшамаудан мен саяжайлар суға кетті. Ондағы тұрғындар төрт мектептегі эвакуация орталығын паналап отыр.
Бибігүл Махамбетова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Әрі қарай көмектесетін шығар. Шырылдатып қалдырмайтын шығар, жеті баламен. Жеті баламен үшінші күн болды үйдеміз. Бірақ екі, үш жастағы және бес жастағы балам бес күндік балабақшада. Бүгін сол жаққа жібердім. Арт жағы ликаттан салынған дейді ол. Су тиіп тұрды. Құлап қалса да, кім білсін. Үйдің жағдайын енді айту қиын.
«Үйін су басқан ақтөбеліктерді қолдаусыз қалдырмаймыз», - дейді шаһар басшысы.
Бюджеттен ақша табылмаса, бизнесмендерден көмек сұрамақшы.
Асхат Шахаров, Ақтөбе қаласының әкімі:
- ТЖ бойынша бізге негізін бермесе, әрине ,қор құрамыз. Бүгін бизнесмендерді сағат онда жиналды. Қазір кімге көмек көрсету керегін анықтаймыз және көлемі белгілі болғаннан кейін көмек көрсетеміз.
Аудандардағы да жағдай да мәз емес. Жолын су шайған жеті ауыл аралда қалғандай күй кешіп отыр. Ол жақпен қатынас тасқынның беті қайтқан соң ғана ретке келтіріледі.
Алға ауданында жол жабық, бірақ тасқынның ағысы жай болған кейбір ауылдан тұрғындар жаяу шығып кетіп жатыр.
Аймақтағы ірі қала Қандағашпен облыс орталығына көлік қатынасы үзілді. Ол жаққа баратын республикалық трассадағы көпірді де су шайып, ондаған көлік жолда қалды.
Аймақ басшылары күннің күрт жылынып, тасқыннан қауіп болғанын алдын ала білдік деп отыр. Бірақ неге қамданбағанын айта алмайды.
Ал тасқынның алдын алуға жауапты облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұловтың өзі құрғақ кабинетінен шыққысы жоқ. Неше күннен бері су басқан ауылдарға бармағанын, тұрғындармен кездеспегенін мойындады.
Жақсығали Иманқұлов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:
- Алдын ала, сәуір басында ауа температурасы бірден жылынып кетеді деген болжам болды. Су тасқыны осылай үлкен қауіп болады деген болжам болды. Тұрғындармен әлі кездескен жоқпын. Бүгін бірінші күн. Оны да жоспарлап, осы ай, осы жеті, осы аптада баруға тиістімін.
Тасқынның алдын алуға облыс бюджетінен 250 миллион теңге қарастырылыпты. Ең қызығы, қызыл судың кесерінен зардап шегіп отырған Байғанин мен Ойыл аудандарына бір тиын бөлінбеген.