Бүгін Астана қаласы Есіл ауданындық №2 сотының судьясы Қанат Тобағалиұлы Қызылорда облыстық полиция департаментінің бастығы Қайрат Мұхитовтың қызы - Малика Мұхитоваға үкім шығарды. Бұл туралы NUR.KZ тілшісі сот отырысынан хабарлады.
Сот қаулысы бойынша Малика Мұхитова екі жылға бас бостандығынан айырылып, 5 жыл көлік жүргізу құқығынан шектелді.
Бойжеткен сот залында қамауға алынбады. Бұл шара 15 күні ішінде сот үкімі заңды күшіне енгенде жүзеге асырылады.
Естеріңізге сала кетсек, 22 маусым күні Мұхитова «Hyundai» маркалы көлігін жүргізіп келе жатып «Ducati Streetfighter 1098» мотоциклімен соқтығысқан еді.
Ал мотоцикл жүргізушісі Қазақстанның танымал ақын-жазушысы Олжас Сүлейменовтің немересі Ескендір Сүлейменов болған. Жол апаты салдарынан бозбала оқиға орнында тіл тартпай кеткен болатын.
Мұхитоваға қарсы Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 345 бабы, 3 тармағы "Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет" бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Айта кетерлігі, Ескендір Сүлейменовтің отбасы айыпталушыдан 14 млн 753 мың теңге өтемақы талап еткен еді.
Марқұмның жанұясы Ескендір Сүлейменов өртеніп кеткен мотоциклдің құнын қайтаруды, жерлеуге кеткен шығынды және сотқа дейінгі тергеуде айыптаушы тараптың құқық қорғаушысының шығындарын өтеуді сұраған.
Мұхитова өтемақыны өтеуге дайын екенін айтқан болатын.