Сырттан келген еңбек мигранттарына қатысты шағым көбейді – ІІМ

21 ақпан 2022, 22:00

Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарды сырттан келетін еңбек мигранттарымен келісімшарт жасасқанда сақ болу туралы ескерту жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 

«Қазақстанға күн көру және табыс табу мақсатында сырттан еңбек мигранттарының көптеп келетіні баршаға аян. Олар көбінесе құрылыс, сауда және қызмет көрсету саласында еңбектенеді. Осы орайда полиция қызметіне қазақстандықтардан сырттан еңбек мигранттарына қатысты көптеп шағым түсе бастады. Шағымның дені шетелдік еңбек күштерінің жұмысты келісімге сай істемейтіндігін айтады», - деді ҚР ІІМ-нің өкілі Шұғыла Тұрлыбек онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

 

Осы орайда Ішкі істер министрлігі азаматтарды аса сақ болуға және міндетті түрде еңбек шартына отыруға шақырады.

 

«Шетелдік еңбек мигрантымен келісімге келер алдында міндетті түрде ол азаматтың Қазақстанда заң аясында жүргеніне көз жеткізу керек. Және азаматтан төлқұжатын талап етіп, еңбек етуге құқылы екендігін анықтаған жөн. Кез келген шетел азаматының Қазақстанда мекендеу туралы рұқсаты болуы керек. Шетелдік еңбек мигранты күдік туғызған жағдайда еңбек шартына отырудың қажеті жоқ. Және істің ақ-қарасын анықтау үшін көші-қон қызметі немесе полицияға хабарласқан абзал», - дейді ол.