Таразда қант кезегі шақырымға созылды

12 мамыр 2022, 18:07

Бұл апта сайын әлеуметтік дүкендердің алдында дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері болатын көрініс. Жұрт таңсәріден бастап  жанталасып қантқа кезекке тұрады. Тапшылықтан емес, баға арзан болғасын жиналады. Бұл жердегі баға мен коммерциялық дүкендердегі бағада айырмашылық бар, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.

Сәрсенкүл Салманова, қала тұрғыны:

 

– Бала-шағамызбен бірге осы жерде жүреміз. Осы қант үшін. Арзан жер – осы. Мұнда – 250 теңге. Арзан болған соң халық ұзын-сонар кезекте аптасына үш рет беріледі. Осылай қырыламыз да жатамыз. Басқа жерде қант қымбат. Жағдайы жоқ ел көп. Сол үшін қантты кішкене арзандатсын.

 

Темірхан Бізбаев, қала тұрғыны:

 

– Қантқа деген кезек өте үлкен. Көп. Күнделікті әкелінбейді. Және бір килограммнан артық жіберілмейді. Бұл магазинге айына екі рет, үш рет келіп тұрам. Сол аралықта қант алу мүмкін емес.

 

Қайдан мүмкін болсын. Қаладағы әлеуметтік дүкендерге тұрақтандыру қорынан бір күнде таратылатын 18 тонна қант демде сатылып кетіп жатыр.

 

Гүлзат Дүйсенбаева, әлеуметтік дүкен сатушысы:

 

– Бүгін бізге 500 келі қант алып келді. Бітті. Талап алып кетеді. 250 теңге бағасы төмен болғаннан кейін басқа дүкендерге қарағанда. Қалмайды. 2-3 сағат. Ең ұзағы үш сағат қой. Үш сағатта дым қалмайды.

 

Ал өзге коммерциялық дүкендерде қант толып тұр. Бірақ баға басқа. Келісі 400-ден 500 теңгеге дейін барады.

 

Жұрттың арзанға ұмтылуы заңды. Бірақ әлеуметтік дүкенде бір адамға бір келі қанттан артық сатылмайды. Бұл алып сату фактілерін болдырмас үшін жасалып отырған шара. Оның үстіне, қор сұранысты толық қамтамасыз ете алмайды. Өйткені облыстық бюджетке салмақ түсіп отыр. 

 

Мұхтар Ботабаев, Тұрақтандыру қорының директоры:

 

– Біз қанттың келісін 290 теңгеден алып, халыққа 250 теңгеден сатып жатырмыз. Бұл нарық бағасынан 38-40  %-ке арзан. Жұрттың кезекке тұрып алуы содан. Арнайы зерттеліп жасалған кесте бар. Қант сол бойынша таратылады. Әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындарды қамтамасыз ету үшін осындай қадамға барып отырмыз.

 

Тұрақтандыру қоры тапшылық жоқ деп сендіріп отыр. Қазір қоймада бір айға жететіндей қант бар екен. Қосымша 1000 тоннаға тапсырыс берілген.

 

Мамандардың айтуынша, қант төңірегіндегі дүрлігу өзге сауда орындарындағы баға төмендеген жағдайда ғана тоқтайды. Ол үшін қант өндірісін ұлғайту қажет. Бұл енді басқа әңгіме.