Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Тергеушілерге сын сәт тақап қалды

10 маусым 2011, 11:46

Реформалау кезегі ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексіне келіп жетті. Рас, Тәуелсіздік алғалы бері аталмыш кодекске бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Алайда уақыт талабы түбегейлі жаңартуды қажет етуде. Адам факторы басты рөлде тұрған кез келген құрылымда бұл – заңдылық. Әсіресе құқық саласындағы «сарқыншақтардан» арылып отырмаса болмайды.
Міне, осы мақсатта еліміздің Бас прокуратурасы қылмыстық процесті бүгінгі күн талабына ыңғайлауды ұсынып отыр, яғни «Қылмыстық іс жүргізу кодексіне өз­герістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасының «бетін ашты».
«Ұсынылып отырған заң жобасын жү­зе­ге асыруда асығыстық танытуға бол­май­ды. Саты-сатысымен көтеріліп, қате­лік­терге жол беріп алмауымыз керек. Сотқа дейінгі қылмыстық өндірістің жаңа моделін жасау арқылы біз әлемдік стан­дартқа бет бұрамыз», – дейді бұл тұр­ғыда ҚР Бас прокуратурасының тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау депар­та­ментінің бастығы Нұрмаханбет Исаев жуырда өткізілген қылмыстық процесті одан әрі жетілдіру туралы заң жобасы тал­қыланған дөңгелек үстел кезінде. Айтпақшы, аталған бас қосуға Парламент депутаттары, Президент әкімшілігінің, Кон­ституциялық Кеңестің, Жоғарғы Сот­тың, ҰҚК-нің, Әділет министрлігінің, Эко­номикалық қылмысқа қарсы және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің, адвокаттар қауымдастығының өкілдері және өзге де үкіметтік емес ұйымдардың сарапшылары мен белгілі ғалымдар қатысқан болатын.
Сонымен, сотқа дейінгі тергеудің жаңа үлгісі қандай болмақ? Толығырақ тоқ­та­луды жөн санап отырмыз.
1. Тергеуге дейінгі тексеру толық алынып тасталуы қажет. Оның процессуалдық мерзімдері арызды тіркеуден бастап, қылмыстық істі қозғауға дейін иә болмаса қылмыстық істі қозғаудан бас тартуға дейін үш тәуліктен басталып, бүгінгі күні екі ай мерзіміне (!) жетті. Ал қосымша тергеуді ескерсек, одан да көп уақыт кетеді.
2. Қылмыстық процесте қылмыстық істі қозғау ұғымы толығымен алынып тасталуы қажет. Ал «қылмыстық іс» термині тек сотқа жеткен кезде ғана пайда болуға тиіс. Өйткені іс сотқа жетпей жатып, тергеуші, тіпті қоғам айыбы анықталмаған адамды «қылмыскер» қатарына жатқызып қояды. Міне, осы себептен «сотқа дейінгі тергеудің басталуы» деген ұғым дұрыс болмақ. Сонымен қатар кейбір тергеушілердің сотқа дейінгі аралықта орын алатын қызмет бабын асыра пайдаланушылықтарын жою мақ­сатында және азаматтардың кон­сти­туциялық және басқа да құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді-ау де­ген іс-әрекеттер тек прокурордың санк­циясы арқылы жүргізілуі тиіс. Жалпы, ал­дағы уақыттарда осы сынды барлық функ­цияларды рет-ретімен сотқа беру қажет болады. Бұрындары тергеушінің айы­рықша құзыретінде болған іс жүр­гізудің бұлтартпау шаралары, атап айтсақ, ешқайда кетпеу қолхаты, жеке кепілдік және басқалары, сотқа дейінгі өндірісте тек прокурордың санкциясымен қолданылуы тиіс. Бұл – дүниежүзілік тәжірибе.
3. Сотқа дейінгі тергеу барысында айып тағу сатысы толық алынып тасталуы тиіс. Іс материалдары сотқа жолданғанға дейін өзіне қатысты тергеу жүргізілетін адам сезікті статусын иеленгені дұрыс. Бұл да әлем­дік тәжірибеге толығымен сәй­кес. Кейінгі шешімді прокурор қабыл­дай­ды. Дәлел­демелер жоқ немесе аз болған жағдайда қылмыстық ізге түсуді тоқтатады. Ал егер жеткілікті болса, айып тағылып, істі сотқа жолдайды. Осы сәттен бастап қана сезікті адамды «айыпталушы» деп атау керек.
4. Сотқа дейінгі өндірістің өзі түбегейлі өзгертілуі қажет. Тек бір ғана «сотқа дейінгі тергеу» деген ұғым қалдырылуға тиіс және де сол тергеу амалдарын ықшамдалған мерзімде тергеудің кезі жетті. Ал қазіргі қылмыстық істер жүргізу кодексі бойынша тергеу екі ай жүргізіліп, тіпті бірнеше айға созылып кетеді.
5. Тергеуші, анықтаушы, тергеу бөлімі­нің бастығы, анықтау бөлімінің бастығы, тергеу органы, анықтау органы т.т. тек тер­геуші, тергеу органы және тергеу орга­нының бастығы деп қана аталуы тиіс.
6. Істі қосымша тергеуге қайтару инс­титуы мүлде алынып тасталса. Барлық сұрақтар мен мәселелер сот мәжілісінде, сот ішінде прокурор мен айыпталушының қатысумен жүзеге асқаны жөн.
7. Куәгердің қатысуымен жүргізілетін тергеу амалдарын қысқарту керек. Дәлел­де­мелерді «қолдан жасаған» қызмет­кер­лерге жазаны қатайтпаса болмайды. Мұндай кез келген әрекет ауыр қылмыстар санатына жатқызылуы ұсынылуда.
8. «Ынтымақтастық туралы процес­суал­дық келісім институтын» енгізу қажет. Ол прокурор мен айыпталушының өзара ке­лі­сіп, айыпталушы тиісті толық кінәсін мо­йындап иә болмаса қылмысты ашуға өз ер­кімен келісім беріп, міндеттеме алуын көздейді.
9. Заң жобасына жәбірленушіге қыл­мыс туралы өтінішті өзі емес, басқа тұлға берген болса, оны кейін қайтарып алуға құқық беретін норма енгізілді.
Міне, қылмыстық іс жүргізу кодексіне енгізуге ұсынылып отырған тұжырымдық өзгертулер мен толықтырулардың жалпы көрінісі осындай.
Ал біздің айтарымыз, егер заң жобасы ел қалаулыларының көңілдерінен шығып, бірауыздан бекітілсе, қызметіне адал тергеушілердің жұмыстары айтарлықтай жеңілденіп, бірізділенбек, ал керісінше бас пайдасын көбірек ойлайтын және жа­уап­сыз қызметкерлерге шынымен қиын­дау болмақ. Сонымен қатар сауатсыз тер­геу­шілердің тез арада өз-өзімен жұмыс істеуді қолға алғандары жөн.

Өмірәлі ҚОПАБАЕВ, белгілі заңгер:
– Заң жобасы, сөз жоқ, сотқа дейінгі өндіріске түбегейлі өзгеріс енгізбек. Өз басым қолдаймын. Тек қағаз жүзінде қалып қоймай, дер кезінде жүзеге асырылса игі. Бұрындары Қылмыстық іс жүргізу кодексі эволюциялық жолмен жетілдіріліп келсе, енді революциялық жолмен дамымақ.
Штефан БУХМАЙЕР, ЕҚЫҰ орталығының адам құқықтары жөніндегі кеңесшісі:
– Қоғамдық талқыға түскен бұл заң жобасының адам құқықтары мен бостандықтарының бұзылмауына толық кепілдік беретініне сенімдімін.