Төрт мың халық тұратын ауылда мәдениет үйі де, спорт сарайы да жоқ

09 маусым 2022, 08:21

Қостанай облысындағы Науырзым ауданының орталығы Қараменді кентінде не мәдениет үйі, не спорт кешені салынбай келеді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.

Сондықтан өнерлі жастар ауылда тұрақтамайды. Талай жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселе әлі күнге шешілер емес. Қарамеңдіде спортқа бейіл жастар аз емес.

 

Мұнда тек бокспен 90-ға жуық бала, ал күреспен жүзден аса жеткіншек айналысады. Одан да көбірек қамтуға болар еді. Алайда ниет болғанымен, мүмкіндік жоқ. Залдары тар және спортқа бөлінген ғимараттардың әдбен ескіргендігін де байқауға болады.

 

Қайрат Байділдинов, Науырзым аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Спорттық алаңдар бар, бірақ олардың бәрі толыққанды оқу-жаттығу сабақтарын өткізуге мүмкіншілік бермейді. Өйткені мынау көріп тұрсыңдар күрес залы, бұрынғы кинотеатр залы. Мұнда балалар сыймайды. Сосын бізде аудандық, облыстық жарыстар өткізетін зал жоқ.

 

Мағауия Қалиев, тілші:

 

– Мына жерде 400 орындық көрермен залы бар екі қабатты мәдениет үйі болған. Жиырма жыл бұрын ол өртеніп, орны ғана қалды. Содан бері көпшілік жиналатындай білдей бір аудан орталығында мәдениет үйі болған емес.  

 

Қазір аудан орталығындағы бұрынғы әмбебеп дүкен мәдениет орталығына айналған. Бірақ оны өнер ошағы деуге келмейді. Не көрермен залы, не бір үйірмелер ұйымдастыратындай лайықты орын жоқ. Бір кездері халықтық атағын алған мұндағы өнерпаздар ұжымы бүгінде ыдырап кеткен. 

 

Сәулет Мырзатаев, Науырзым аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі:

 

– Жастар қазір неге қарайды, залдың болғанын жақсы көреді. Көпшілкке өз өнерін көрсеткісі келеді. Біз бүкіл барлық іс-шараларды Докучай мектебінің акт залында өткіземіз. Кейде біздің концерттеріміз оқу процесімен бірге келіп қалады, содан қиындықтар туады.

 

Гауһар Әменова, мәдениет үйінің қызметкері:

 

– Жастар бәрі қалаға ауысып кетті.Сол өзім отбасылық ансамбльдің жетекшісімін. Бес қыздан Әменовтар отбасылық ансамбілін құрғанбыз. Қазір енді осында үшеуміз ғанамыз. Азайып бара жатырмыз. Мектептен келеді балалар осында дайындалуға, осындай кішкентай жерде дайындаймыз. Арнайы орын жоқ. 

 

Науырзым ауданы орталығында шамамен 4 мыңға жуық халық тұрады. Осыншама тұрғыны бар елді мекен жиырма жылдан артық бір мәдениет үйіне жарымай отыр. Ұсыныс жобалар бірнеше рет кейінге шегерілген.

 

Оразғали Бимағамбетов, Науырзым аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

 

– 2020 жылы осы мынау жобалық-сметалық жобамызды дайындадық. Мәдениет үйі демейміз, біз енді жобалап жатқан нәрсеміз, осы мынау тұрған Арман мәдениет орталығына пристройка 200 адамдық көрермен залын салуға солай, мінекей, үміттеніп отырмыз. Енді республика тарапынан бөлінсе қаражат, онда болады. Әзірге жауап жоқ әлі.

 

Мәдениет үйі салынар деген үміттері үзіле бастаған қараменділіктер ең болмағанда орталыққа жапсарлас көрермен залын тұрғызып берсе дейді. Оның құны 319 миллион теңге деп отыр. Бірақ облыстық мәдениет басқармасынан білгеніміздей, бұл жоба да биыл қолдау таппапты.