Бүгін, 21 желтоқсанда сағат 9.00-ден 12.00-ге дейін азаматтық қорғаудың құлақтандыру жүйесіне республикалық тексеру жүргізіледі.
Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі ресми сайтында хабарлады.
"Құлақтандыру жүйесін тексеру барысында электр дабылдарын және сиреналық-сөйлеу құрылғыларын (дауыс зорайтқыштарды) қысқа мерзімге қосу, сондай-ақ теледидар және радиоарналарының эфирі арқылы хабарлау, интернет-ресурстары мен мобильді қосымшаларда ақпаратты орналастыру жоспарланған. "Баршаның назарына!!!" дыбыстық сигналы - бұл қауіп төнген немесе төтенше жағдай туындаған кезде барлық шұғыл хабарламаларды берудің алдында халықтың назарын аудару үшін берілетін ескерту сигналы", - делінген хабарламада.
Осы ретте, министрлік дыбыстық сигналды естіген кезде:
теледидарлар мен радиоқабылдағыштарды қосу;
апат туындаған жағдайда одан әрі әрекет ету туралы нұсқаулар алу үшін интернет-ресурстардағы және мобильді қосымшалардағы ақпараттарды оқып шығу керек екенін атап өтті.
Сонымен қатар, қауіпті өндірістік объектілер мен гидротехникалық құрылыстардағы жергілікті құлақтандыру жүйелерінің жарамдылығы тексеріледі.
Құлақтандыру жүйесіне республикалық тексеру жүргізудің мақсаты құлақтандыру жабдығын әзірлікте ұстауға және халықты ықтимал төтенше жағдайлардан қорғауға бағытталған.